60 мыңнан астам халық бар Құлсары қаласында 145 орындық аурухана мен 1 емхана бар. Медициналық мекемеге электрондық портал арқылы жете алмағандар, жұмысына орай тек демалыс күндері ғана ем ала алатын көптеген құлсарылықтар екпе егу, тамырға сұйық дәрі салу үшін... дәріханаға барады екен. Алайда мұндай медициналық қызметтер алдымен заңсыз болса, денсаулыққа да қатерлі болуы әбден мүмкін.
- Дәріханалар лицензиясында тұрғындары дәрі-дәрмекпен қамту ғана бар, яғни сауда-саттықпен айналыса алады,-дейді аудандық аурухананың бас дәрігері Нұрбек ҮКІБАЕВ. - Ал бұл жерден егу бөлмесін ашуына рұқсаты жоқ, ол болмайды. Оның санитарлық тазалығы қажет қой.
Құлсарыда заңсыз емдеу бөлмесі бар жеке дәріханалар Махамбет даңғылы, ықшамаудандарда және базарда орналасқан.
...Дәріханалардың бірінен шыққан жас жігітті тоқтаттық. Ол екі күннен бері ем алып жүрген болып шықты.
- Тұмауратып қалдым, оқудан каникулға келгендіктен ем алуды ойлағанмын. Дәріханадағы медбике менен дәрігердің нұсқауын сұраған жоқ, тек дәріге қарсы жанама әсері жоқтығын білгісі келді. Екпеден кейін «В 6» витаминін система арқылы салды. Тәуір болып қалдым, ертең келмесем де болады, енді оқуыма кетуім керек,- деді аңқылдаған жас жігіт.
- Жолдасым Теңіз қалашығында вахтада жұмыс жасайды. Сенбі, жексенбіде үйге келіп, қан қысымы мен асқазанынан ем алып кетіп жүр,- деді қала тұрғыны Айша. - Емхана бұл күндері жұмыс жасамайды, болса да, сенбі күні түске дейін болу керек. Амал жоқ дәріхана қызметкерлерімен келісеміз. Системаны бір егу 500, ал былайғы екпелер 200 теңгеден тұрады. Егер үйге шақыртсақ - 1000 теңге. Иә, заңсыз жұмыс жасайтынын білеміз, амал жоқ, не істеуіміз керек? Ақшасы жоқтарға қиын екені рас.
Біз қаз-қатар тізіліп тұрған дәріханалардың біріне бас сұқтық. Екпе салу туралы өтінішіме қолындағы шприцке әлдебір дәріні езіп тұрған медбике күте тұруымды сұрады.
- Науқасқа митрит сұйықтығын салып жатырмын, күтесіз.
«Митриттің» тамыр арқылы жіберетінін білетінмін. Ұзақ күтуге шамам келмей, өзімді таныстырып, бұл әрекетінің заңды- заңсыздығын сұрадым. Ол абдырап сасыңқырап қалды:
- Менің фармацевт және медбике мамандығым бар. Бұл менің дәріханам емес, иесі тек сатумен емес, екпелер салуға рұқсат етті. Бізде екі орын бар. Мұнда келушілер емханада кезек көптігінен осында келуге мәжбүр екенін айтады. Дәрігерге қаралып, тағайындалымымен бізге келеді.
Біз кірген келесі дәріхананың иесі Ақтаудың тұрғыны екен. Ол Ақтаудағы дәріханалардың көбінде осындай «егу бөлмесі» барын айтты
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттерді түсірген автор