Атырау, 25 қараша 08:29
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Жер дірілі: алыста емес

4 173 просмотра


Күні кеше ғана Атырау тұрғындары үшін «жер сілкінісі» деген сөз шалғайдағы, басқа елдердің басынан өтетін құбылыстай көрінетін. Бірақ соңғы жылдары ахуал өзгерген. Бірқатар мамандардың пікірінше, бұл көбінесе өңіріміздегі көмірсутек шикізатын қарқынды өндіруге байланысты болып отыр.

ЖАҒЫМСЫЗ ГЕОГРАФИЯ ЖӘНЕ АКАДЕМИКТІҢ ДАБЫЛЫ

«Геофизикалық зерттеулер институты» РМК жанындағы Арнайы сейсмикалық ақпараттарды жинау және өңдеу жөніндегі ұлттық орталықтың соңғы алты айда еліміздің батысынан бақылаған ақпаратын назарыңызға ұсынамыз.

18 мамыр 2018 жылы, Астана уақыты бойынша сағат 02:50 – Қазақстанның батысында жер сілкінісі, зілзала ошағының координаттары  - солтүстік ендікте 45.96 градус, шығыс бойлықта 53.39 градус, магнитудасы mb=3,3, энергетикалық класс K=7, тереңдігі h=8 км.

18 маусым 2018 жылы, сағат 20:30 – батыс Қазақстандағы жер сілкінісі, зілзала ошағының координаттары с.е. 46.10, ш.б. 53.57 градус, магнитудасы mb=3, энергетикалық класс K=7, тереңдігі h=8 км.

16 желтоқсан 2018 жылы, сағат 22:45 – батыс Қазақстандағы жер сілкінісі, зілзала ошағының координаттары с.е. 46.38, ш.б. 53.57 градус, магнитудасы mb=3.1, энергетикалық класс K=7.1, тереңдігі h=13 км.

21 желтоқсан 2018 жыл сағат 07:16 - батыс Қазақстандағы жер сілкінісі, зілзала ошағының координаттары с.е. 46.22, ш.б. 53.62 градус, магнитудасы mb=3.3, энергетикалық класс K=7.5, тереңдігі h=9 км.

Бұл жерасты дүмпулері жер бетінде сезілмейді, бірақ географиялық координаттардың Маңғыстау облысымен шекарада көмірсутек шикізаты қарқынды өндіріліп жатқан Жылыой ауданының аумағында, Каспий теңізінің маңында екендігі алаңдаушылық тудырады.

Жұртшылық 2011 жылғы 21 ақпаныда Теңіз кен орнында Рихтер шкаласы бойынша 4,1 баллдық магнитудалы жер сілкінісі болғанын ұмытқан жоқ. Жекелеген оңтүстік учаскелерде жұмыс істейтін ТШО қызметкерлері осы жер асты дүмпулерін сезінді.

Ал танымал қазақстандық ғалым, жерлесіміз, академик Мұфтах ДИАРОВ Атырау облысының аумағында 6 баллға дейін магнитудалы жер сілкінісі болуы мүмкін жер қыртысы учаскелеріне жататын Каспий теңізі аймағында сейсмикалық қауіп бар екені туралы көп уақыттан бері дабыл қағып келеді.

«Шетелдік мұнай компаниялары жүргізген геофизикалық зерттеу деректеріне сәйкес, Қашаған, Қайраң, Ақтоты, Королевское және Теңіз мұнай кеніштерінің (өзіндік резервуарлар) құрылымдары - 160 километрдей ұзындықтағы бiртұтас күрделі аймақ . Әлбетте, осы аймақ шегінде жаңа көмірсутек кендері ашылады. Барлық тұзасты мұнай резервуарлары аномалды жоғары қысымды, температуралы және құрамында күкіртсутегі бар орасан зор сыйымдылық сияқты», - делінген академиктің «Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы тұзасты көмірсутек ресурстарын игеру кезінде туындайты апаттар қаупі» мақаласында. «Каспий теңізінің мұнайын қарқынды игеру табиғи және техногендік факторлардың өзара әрекеттесуі жағдайында өтеді. Мұндай жағдайларда жер сілкінісінің болу қаупі айтарлықтай», - деп есептейді академик Диаров.

АЛЫСТАН КӨРІНБЕЙДІ

Біз Арнайы сейсмикалық ақпараттарды жинау және өңдеу жөніндегі Ұлттық орталыққа редакциялық сауал жолдап, оның жетекшісі Наталья МИХАЙЛОВАДАН жауап алдық. Ол ең алдымен нақты зерттеулер жүргізу үшін Атырау облысына жақын аумақта олардың сейсмикалық станцияларының жоқтығын айтты:

- Батыста Ақтөбе мен Ақбұлақ станциялары бар, бірақ олар сіздің аймақтан едәуір алыс. Барлық станциялар өз қадағаулары бойынша спутниктік арналар арқылы ақпарат таратады, ал біз оны осы жерде, Алматыда өңдейміз, содан кейін өз сайтымызда жариялаймыз. Сіздерден 3 баллдық және одан жоғары магнитудалы жер сілкіністерін жазып ала аламыз. Одан әлсіз жерасты дүмпулерін біздің станциялар соншалықты шалғай қашықтықтан «көре алмайды».

- Батыс Қазақстанға, әсіресе Атырау облысына сейсмикалық станциялардың қажет екені туралы мәселе қойылып отыр ма?

- Мәселе қойылады, өйткені батыс Қазақстан толықтай сейсмикалық бақылаумен қамтамасыз етілмеген. Бұл жерде Ғылым министрлігіне тиесілі Сейсмология институтының бірде бір станциясы жоқ. 2008 жылы Батыс Қазақстан облысының Шалқар көлінің маңында болған күшті жер сілкінісінен кейін сейсмикалық станциялардың қажеттілігі туралы сөз қозғалды, бірақ әзірге нақты нәтижелер жоқ. Мұнда, ең алдымен мемлекеттік қаржыландыру мәселесі шешілуі керек.

- Каспий теңізіндегі жер сілкінісі туралы айтып берсеңіз, олар бізге қалай әсер етеді?

- Каспий теңізіндегі жер сілкіністері тұрақты құбылыс, өйткені теңіз арқылы Түрікменстаннан Кавказға дейін үлкен жер жарығы бар. Онда үнемі жерасты дүмпулері болып тұрады. Түркіменстан, Кавказ аумақтарындағы және теңіздің өзіндегі бұрынғы күшті жер сілкіністері осы жарықтарға байланысты орын алды. Егер күшті жер сілкінісі болса, ол әрі кеткенде Қазақстан аумағында 6 баллдық дүмпу ретінде сезілуі мүмкін. Бірақ әзірге максималды тіркелген амплитуда – 4 балл, мұндай дүмпулер бізде сезіле бермейді. Бірақ оларды да бақылап отыру керек.

- Қазір Атырау облысының аумағы қаншалықты сейсмикалық қауіпті?

- 2006 жылғы аудандастыру картасы бойынша, сіздің аймағыңыз сейсмикалық емес деп саналды, бірақ соңғы жылдары жерасты дүмпулері әлі де болып жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан, осы дүмпулердің табиғатын, олардың қандай сипатта екенін - тектоникалық па, әлде техногенді ме, зерттеу үшін станциялар желісі қажет.


ГАЗЛИ МЕН НЕФТЕГОРСК ЕСІМІЗДЕ

Біз сондай-ақ Сейсмология институтына сауал жолдап, осы мекеменің қызметкері Айгүл ДАНАБАЕВАНЫҢ қолы қойылған жауап алдық. Ол батыс Қазақстанда институттың сейсмикалық станцияларының жоқтығын және бүгінде олардың қажеттігі анық екенін растады.

«Кез-келген ауданның сейсмикалық жағдайын зерттеу үшін палеосейсмологиялық зерттеулер (бұрынғы жер сілкіністерін зерттеу) және аспаптарға тіркелген жер сілкіністерін зерттеу жұмыстары жүргізіледі», - деп хабарлайды А. Данабаева. - Атырау өңірінде сезілген жерасты дүмпулерінің тарихында: қазіргі Үргеніш қаласының аумағында 1208-1209 жылдары жер сілкінісі болған кезде оның қарқындылығы қазіргі Атырау облысының аумағында 5-6 балл болып сезілген. 1895 жылы Красноводск жер сілкінісінде де 5-6 баллдық дүмпу сезілген. 4-5 баллдық қарқындылық Дағыстан (1830 жыл), Ашхабад (1946 жыл), Газли (1976, 1984 жылдар) жер сілкіністері кезінде де байқалды. Ал Атырау облысының аумағында күшті жер сілкінісі болмады.

Бірақ Атырау өңіріндегі қазіргі қарқынды көмірсутек шикізаты өндірісін ескерсек, болашақта жер сілкінісі болмайды дей алмаймыз.

Соңғы кездері көптеген елдерде техногендік жер сілкіністерін зерттеуге ерекше көңіл бөлініп отыр. Әдеттегі мысалдар - 1976 және 1984 жылдары Газли газ кен орнында (Өзбекстан) - бұрын сейсмикалық емес деп саналған аумақта болған жойқын жер сілкіністері.

Немесе 1995 жылы Сахалинде Нефтегорск ауылында болған күшті жер сілкінісі - бұған дейін ол жерде 30 жыл мұнай мен газ қарқынды өндірілген еді».

«ЕШҚАНДАЙ ДЕФОРМАЦИЯ АНЫҚТАЛҒАН ЖОҚ»

Көріністі толық беру үшін бізде мұнай өндіретін екі ірі компанияға - «Теңізшевройл» ЖШС мен NCOC N.V. комапаниясына сауалдар жолдадық.

NCOC баспасөз қызметі мынадай жауап ұсынды:

«Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес, компания жер қойнауының мониторингі бағдарламасы үшін теңізде және құрлықта станциялар салу бойынша өзіне міндеттемелер алды. Құрылыс кезеңмен жүзеге асырылды - 2013 жылы 8 мониторинг станциясы салынды: жер қойнауы мониторингі бағдарламасының (ЖМБ) 1-кезеңі шеңберінде бес теңіз және үш құрлық станциясы. Екінші кезең 2018 жылдың тамыз-қыркүйек айларында аяқталды. Сол кезде компания жер қыртысының геодинамикалық өзгерістерін бақылауға арналған және Қашаған кенішіндегі жер қойнауы мониторингісі үшін тағы 6 құрлық станциясын іске қосты.

ЖМБ станциялар желісі Каспий теңізінің солтүстік-шығыс аймағын толығымен жабады. Жылына екі рет есептілік шеңберінде NCOC осы Бағдарламаларды ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің аймақаралық бөлімі болып табылатын ««Батысқазжерқойнауы» мемлекеттік мекемесіне жібереді.

Қашаған кенішінде көмірсутек шикізатын өндіру басталғаннан бері ешқандай жер деформациясы мен микросейсмикалық оқиғалар анықталмады, бұл НКОК компаниясының бүкіл 14 мониторинг станциясының деректерімен расталады».

ТШО жауабы өте қысқа болды:

«Нормативтік талаптарға сәйкес, ТШО Теңіз кенішінде орналасқан сенсорлар желісі арқылы сейсмикалық белсенділіктің үздіксіз мониторингін жүргізеді. Мониторинг деректері Геология және жер қойнауын пайдалану комитетіне тұрақты негізде жіберіліп тұрады».

Өткен жылы Сейсмология институтының қызметкерлері Парламент сенаты депутаттарының сапары барысында тиімді жұмыс істеу үшін «Сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету» бірыңғай бюджеттік бағдарламасы бойынша 10 жыл бойы жылына 3,5 млрд теңге көлемінде ішкі бағдарламаларға бөлінген мақсаттық қаржыландыру керек екенін мәлімдеген болатын. Қазір анағұрлым аз мөлшерде қаражат бөлініп жатыр. Енді нені күтеміз? 

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

17 қаңтар 2019, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.