АҚШ президенті Дональд Трамп пен Түркия басшысы Режеп Тайып Ердоған келісімге келді. АВС телеарнасының мәліметінше, Трамп пен Ердоған 14 қаңтар күні телефон арқылы сөйлескен.
Сөйлесу барысында тараптар Сүрия мәселесіне қатысты келіссөздер жүргізіп, АҚШ Сүрия аумағынан әскерін шығарған күннің өзінде бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласқан. Бұдан бөлек Трамп Ердоғанда АҚШ әскері Сүрия аумағынан шығарылғаннан кейін, Уашингтон одақтастары Сүрия күрдтері мен демократиялық күштеріне зиян тигізетін әрекеттер жасамауға шақырған.
Естеріңізге салайық, бұған дейін Дональд Трамп: «Анкара Сүрия күрдтеріне шабуыл жасайтын болса, АҚШ Түркияға санкция салады» - деп мәлімдеген.
Оған жауап ретінде Түркия президентінің кеңесшісі Ибрагим Калын өзінің «Twitter» парақшасына: «Трамп мырза, террористер сіздердің одақтастарыңыз бола алмайды.
Анкара Уашингтонның Түркия мен АҚШ арасындағы стратегиялық әріптестік келісімін сақтайды деп үміттенеді және екі ел қарым-қатынасы террористік пропагандамен былғанғанын қаламайды» - деп жазған.
Дереккөз: "Тhe Qazaq Times"