Атырау, 27 желтоқсан 01:14
 бұлттыВ Атырау -3
$ 515.25
€ 535.91
₽ 5.18

Біздің ауылда кино түсіріліп жатыр

14 949 просмотра

Осыдан екі ай бұрын «Қыз жүрегі» фильміндегі рөлдерді орындаушыларға арналған кастинг жарияланған болатын. Кейін режиссер Карл ИСАБЕКОВТЫҢ шығармашылық тобы Махамбет ауданындағы Еспол ауылында фильмнің түсіріліміне кірісті. Қазір ауылдағы көріністердің кадрлары толық алынып бітті. Енді Атырау қаласы мен Астана қаласындағы түсірілім жұмыстары күтіп тұр. 

- Еспол ауылында фильмнің басы мен орта тұсы түсірілді. Енді қаладағы түсірілім осы аптаның соңында басталады. Ал Астанаға қыркүйектің басында барамыз деп отырмыз. Фильмді түсіріп жатқан режиссер Карл Исабековтың шығармашылық топқа деген талабы күшті. Сондықтан актерлерге де оңай болып жатқан жоқ, - дейді фильмнің сценарисі әрі директоры Еркебұлан НҰРХАНҰЛЫ (суретте).

Фильмді өз қаржысына түсіріп жатқан (12 млн теңге) 19 жастағы Еркебұлан әлі де болса демеуші іздейді. Оған қазір қолдау көрсетіп отырған жалғыз «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанаты.

Айта кету керек, Еркебұлан белгілі суретші Қабдол ДОСНИЯЗОВТЫҢ немересі, белгілі журналист Сара ДОСНИЯЗОВАНЫҢ інісі. Өмірде өз жолын табуға осы екі кісінің көп көмегі тигенін айтады ол.

- Сіз кастинг туралы және мен туралы «Ақ Жайыққа» жазғанда, халық «бұл бала ақшаны қандай жолмен тапты?» деп күмән білдірді. Әрине, кезінде маған қаржылай көмектескен жандар жоқ емес, өзім де 13 жасымнан бастап бизнеспен айналысып, фотосалондар ашып, ақша табуды ерте үйрендім. Ақыл қосқан аға-апаларым да бар. Өзімнің де талпынысым жаман емес. Міне, мен кино түсіреді дегенді естіген жастар арасында тағы кино түсіруді бастағалы жатқандар кездесуде. Біреуіміз бастамасақ, сең қозғалмайды ғой. Менің бар ойым – Атырауда кино өнерін дамыту, - дейді Е.Нұрханұлы.

Ал кастингке қайта оралсақ, оған барлығы 300 адам қатысты. Соның ішіндегі 50-і іріктеуден өтіп, фильмде ойнайтын болып шешілді. Ал басты рөлдерге 18 жастағы Айнұр СҰЛТАНОВА (суретте) мен 17 жастағы Кәрім НҰРХАН (суретте) таңдалды.

Айнұр биыл Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер Академиясын бітірген. Кастинг туралы хабарландыруды көре сала өзінің бағын сынап көрген де, сыннан сүрінбей өткен.

- Мен 300 адамның ішінен басты рөл тұрмақ, қосалқы рөлге де алынамын деп ойламағанмын. Бізді іріктеу барысында ортаға салған өнерімізді режиссер, оператор, сценарист, продюсер және ассистентшілер бағалады, - дейді Айнұр. – Кинодағы басты рөлдегі Әсем есімді қыздың рөлін сомдаймын. Тәжірибем болмағасын басында образға ену өте қиын болды. Бірақ сценарий мәтіні мен үшін қызықты. Әрі кейіпкерімнің биязылығы мен жан тазалығы, пәктігі ұнайды. Оның мінез-құлқы, өмірі өзіме ұқсас болып келгесін бе, қазір сол кейіпкеріммен жүріп, сол кейіпкеріммен іштей пікірлесетінді шығардым.

Айнұр отбасында орын алған қиындықтарға байланысты жоғары оқу орнына құжат тапсырмай қалған. Ол келер жылы міндетті түрде Мәскеудегі театр институттарының біріне оқуға түсуді армандайды. Ал Кәрім болса, Оралдағы Құрманғазы атындағы саз колледжінің актер, режиссер бөлімінің 2-курс студенті. Бір қызығы, ол да Қазақстанда білім алуға құлшынып отырған жоқ. Колледж тәмамдаған соң, қайткенде де Қырғызстандағы өнер институттарының біріне түспекші.

- Менің сүйікті актерлерім мен ұстаздарым Қырғызстанда оқыған. Мен де олар секілді сол елде білім алғым келеді, - дейдіК.Нұрхан.

Кәрім «Қыз жүрегі» фильмінде Талғат есімді жігіттің рөлін сомдайды. Фильм желісі бойынша ол басты рөлдегі Әсемнің алғашқы махаббаты.

- Талғаттың мінезі керісінше, маған мүлдем ұқсамайды. Ол кекшіл. Әрі сонысынан өмірде таяқ жейді. Сүйген қызынан айырылып қалады. Қиналады. Менің образыма көрермен өзінің әділ бағасын бере жатар, - дейді Кәрім.

Кастингтен өткен кәсіби актерлер де бар. Олар Махамбет Өтемісұлы атындағы қазақ драма театрының әртістері – Нұргүл ШМАНОВА, Нұргүл ҚАЙЫРЛИЕВА және Әміржан НҰРЛАНҰЛЫ. Одан бөлек, фильмді қолдау мақсатында Алматыдан Фара есімімен елге танылған белгілі актер Фархад ӘБДІРАЙЫМОВ та киноға түсуге енді келеді деп күтілуде. Жалпы фильмге 56 актер қатыстырылады. Олардың 50-і кастингтен өткені болса, қалғаны арнайы шақырылған өнер адамдары. Солардың қатарында қайталап өтейік, бизнесмен, музыкалық продюсер, актер әрі музыкант Талғат ШАЙХИЕВ пен алматылық әнші Әлия ӘБІЛХАЙЫР да бар.

Айнұр САПАРОВА

Суретті түсірген автор

29 тамыз 2012, 17:30

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.