Мостовой өзегі арқылы өтетін көпірдің жабылғаны туралы жарияланымнан кейін «АЖ»-ға Нұрсая-3 ықшам ауданының тұрғыны Ержан ТЕМІРАЛИЕВ хабарласты. Сөйтсек, бұл біржақты мәселе емесе екен.
– Кей адамдардың не айтып жатқанын білмеймін, бірақ біз бүкіл көше болып қалалық әкімдікке осы көпірді көліктер үшін жабу туралы арыз жаздық. Өйткені ол апатты күйде тұр. Көпір енсіз, екі машина өте алмайды, күн сайын кептеліс болып жатады. Оның үстіне асфальт көпірге жетпейді, көліктер, әсіресе жүк көліктері шынымен де шаңдатып жібереді. Жалпы ол мал айдауға арналған көпір. Бұрын бұл жерде көліктің өтуіне тыйым салынатын белгі тұрған еді, бірақ оны біреу алып тастапты.
Сол кезде біздің әңгімемізге Сарықамыс-2 ықшамауданының тұрғыны Нұрашбек ЕРМАҒАМБЕТОВ қосылды:
- Жоқ-жоқ, көрші, сіздікі дұрыс емес. Жеңіл көліктердің өтуіне рұқсат беру керек. Ал жүк көліктеріне тыйым салынсын. Жол полициясына жүгінейік, жүк көлігіне тыйым салатын белгі қойсын немесе арка орнатайық, сонда жүк көліктері өте алмайды.
Содан соң екі сұхбаттасушым сөзге келіп қалды. Даурығысып басылған екеуі осы жерден жеңіл көлік үшін жарамды дұрыс көпір салу керек деген ортақ шешімге келді. Сөйтіп, қалалық әкімдікке сәйкес хат жазуға келісті. Бірақ:
Ермағамбетов: Жақсы шешім, көрші, бірақ жаңа көпір салынғанша мына көпірді қайта ашайық, а?
Темірәлиев: Жоқ, ашпаймыз.
Фархат ӘБІЛОВ
Суретті түсірген автор