Атырау, 25 қараша 10:37
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Шұбатпен емдеу және жерсіздік мәселесі

2 908 просмотра


Мақат ауданында бүгінде туберкулездің алдын алу үшін балаларға шұбат беріп, шабындық жердің жетіспеушілігін жақсы көрші Қызылқоға ауданынан 400 мың гектар жер алу арқылы шешпекші. Осы және басқа да мәселелер туралы Мақат ауданының әкімі Жұмабай ҚАРАҒАЕВ өткізген  брифингте қозғалды.  

- Ағымдағы жылдың 10 айы бойынша ауданда 15 науқас тіркеліп өткен жылмен салыстырғанда 6 адамға өскен. Қазір алдын алу бағытында түйе өсіретін кәсіпкерлермен келісіп, 25 балаға күніне 200 миллилитрден шұбат берудің пилоттық жүйесін бастадық,- деді әкім. - Дәрігерлік тесеру кезінде оң әсер беретін болса, келесі жылы бюджеттен қаражат бөліп 1-4 сыныптың 2700 оқушысына тегін шұбат беру жоспарымызда бар. Оған керек 80 млн теңгедей қаражат бюджеттен табылады. Шұбат – құрт ауруының көнеден келе жатқан бірден-бір емі.

«АЖ» сұрақтары:

- Доссорда балаларға арналған сауықтыру балабақшасының құрылысы жүріп жатқанына 9 жыл болды. Кешіктірілу себептері неде?

- Бұл нысан 9 жыл бұрын демеуші компанияның қолдауымен басталған. Содан бері екі мердігер ауысты. Бірінші мердігер өзінің жұмысын сапалы жасамауы себепті, екінші мердігермен өзіне қойылған міндетті орындамағаны үшін келісімшарт бұзылды. Биыл қазан айында үшінші мердігер келіп жұмыстарды жалғастыруда. Қаңтар айында ашамыз деп отырмыз. Алайда бұл сауықтыру балабақшасы емес, жалпыға бірдей қарапайым балабақша болады.  

- Балабақша орталықтан 2 шақырымдай қашықтықта Атырау-Ақтөбе трассасының бойында орналасқан. Бұған балаларды тасымалдайтын арнайы көлік ұйымдастырыла ма?

- Қараша айында Доссор кенті ішінде қоғамдық тасымал ашқанбыз. 21 орындық шағын автобустар жолақысы 50 теңгеден тасымалдап жүр. Егер балабақша қаңтар айында ашылатын болса, маршрут балабақшаға дейін ұзаратын болады. 

- Ауданда ауыл шаруашылықтарына жер жетпейді. Мәселенің шешімін табудың жолы қандай?

- Жайылым жердің жетіспеуіне байланысты ауданда ауыл шаруашылығының көрсеткіші де төмен болып отыр. Мақат ауданының жалпы көлемі 501 мың гектар болса оның 260 мыңы сорлы жер. Қазір Қызылқоғаның біздің ауданмен шекаралас жерінен 418 мың гектар жерді алу жұмыстары жүріп жатыр. Оның 110 мыңы жайылым, шабындық жер болады. Сол кезде ауданда мал шаруашылығын дамытуға мүмкіндік бар.

- Мақаттықтар көшедегі қоқыстар уақытында алынбайды деп шағымданады. Кент қоқысқа батып жатыр. Мұның себебі не?

- Тазалық мәселесі Досор, Мақат, Бәйгетөбе ауылында да өзекті мәселе. Ауданда тазалықпен айналысып отырған «Тазалық-Көгал» мекемесі қашан да техниканың жетпеуіне шағымданады. Осы мәселені ескеріп биыл 7 арнайы техника алдық. 2019 жылы конкурс өткізіліп, жеңімпаз мекемеге сенімгерлік басқаруға беріледі. Бұған дейін тазалыққа жылына 44 млн теңге бөлініп келсе, 2019 жылдың бюджетін 120 млн теңгеге дейін көтеріп отырмыз. Бұл қаржының ішіне Таскескен, Ескене және 441-бекеттің тазалығы да кіреді.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ 

Суретті түсірген автор

24 желтоқсан 2018, 17:41

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.