Атырау облысы Мақат ауданының орталығындағы тозған тұрғын үйлер мен қоқысқа толы көшелерді көргенде бұл жерде ғасырдан аса уақыт мұнай өндірілген деп айтуға ауыз бармайды.
- Мен осы кенттің тумасымын. Жиырма шақты жыл жырақта жүріп келгенімде кенттің бәз баяғы күйде қалуы қынжылтып тұр. Қоқыстар, жертөледегі сасық иістер...сол қалпы. Кенттегі жәшіктердегі қоқыстың уақтылы алынбауынан айналаға шашырап төгіліп жатуы үйреншікті жайтқа айналған,- дейді Амангелді БАСПАКОВ (суретте). - Бұл жөнінде жергілікті әкімшілікке бірнеше рет айттым. Әкімдік басындағылар өзгерді ғой, енді бір өзгеріс болар деп үміттенеміз.
Аудандағы тазалыққа жауапты «КөгалТазалық» ЖШС жұмысшының аздығы мен техниканың жоқтығына сілтейді.
- 2011 жылдан бері аудандағы тазалықпен айналысып келеміз. Техника жетіспейтіндіктен күнбе күн 200-ден астам қоқыс жәшігіндегі қатты қалдықтарды шығару мүмкін болмай жатыр,- дейді ЖШС директоры Нұрбол ИСМАГУЛОВ. - Қолдағы үш техника әбден тозығы жеткен. Оның үстіне жергілікті тұрғындардың жартысынан аз бөлігі ғана келісімшартқа отырған, кісі басына 120 теңгеден белгіленген. Соны да уақытында төлемейді.
Кенттегі 72 көп қабатты үйде 2 мыңдай пәтер бар. Үйлердің алды өткен ғасырдың елуінші жылдары салынған. Әбден ескірген, жөндеу көрмеген. Балкондардың түбі опырылып, мертіккен адамдар бар.Үйлердің жертөлелері суға толған.
- Біз балконды жөндеп, жертөлені құрғата алмаймыз ғой. Біз осыны айтсақ, жекеменшік болғандықтан үйге өздерің жауаптысыңдар дейді.
Бұл үйлерге «Сенім», «Рүстем» ПИК-тері қызмет көрсетеді.
- Біздің қарамағымызда көпқабатты 15 үй бар. Үйлер ескі. Балкондар құлап жатыр. Бірақ біз бұларды қалпына келтіре алмаймыз. Ал жертөлелерді тазарту мүмкін емес. Техника атымен жоқ, маманнан жалғыз слесарь бар, екіншісі жалақысы аз болғандықтан жұмыстан шығып кеткен,- дейді «Рүстем» ПИК төрағасы Асылбек ТӨЛЕПОВ. - Тұрғындар төлемақыны уақытылы төлемейді, соттасып жүреміз. Азғантай түскен қаржы подьездерді сырлап, әктеуден аспайды. Мен жағдайды айтып аудан әкіміне кіріп шыққанмын. Ол жекеменшік нысандарға көмектесе алмайтынын айтты.
Мақат кенті әкімінің міндетін атқарушы Бекәділ ЖАЙКИН:
- Жаңа техника алу және қоқыс жәшігін көбейту жөнінде облыс әкімдігіне ұсыныс бердік. Ал балкондарды демеушілікпен жөндеп беруге күш саламыз. Ал көгалдандыруға, яғни талдарды күтіп суару, гүлдерді егуге бюджеттен 1 миллион 300 теңге бөлінген. Алайда ұтқан мердігер бұл соманы азсынып, жұмыстан бас тартып отыр.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттер мен видеоны түсірген автор