Жайықта балықтардың жаппай қырылу жағдайынан кейін «АЖ» тілшісі қаладағы балық сататын сауда орындарына шолу жасаған еді.
Көктем базарындағы арнайы балық өнімдерін сату павилонында сатып алушыдан сатушы көп. Бірақ ел аузындағы әңгімелер олардың бағасының төмендеуіне әсер етпегенін айтады. Мұнда орташалау көксеркенің данасы 500 теңгеден карась 100 теңгеден сатылуда. Балық сатушылардың бірінің айтуынша, аптаның басында сатылымдағы балықтарға санитарлық тексеріс жүргізіліп, тіпті, екі күн бойы балық сатуға тыйым салынған.
- Бүгін сатуға рұқсат берді. Өз басым балықты «Жемчужина» ЖШС коперативінен аламын. Бізде сырттан әкелінген балықтар қабылданбайды, - деді сатушы.
Балықтардың саудасы Дина базарында қызу жүріп жатқаны байқалады. Мұнда сазанның келісі 800 теңге, карастың келісі 200 теңге, көксерке 1000 теңгеден сатылуда. Сатушылар балықты тек кооперативтерден ғана қабылдайтынын айтты.
Бұдан соң дүкендердің бірінен қаракөз алып, тексерту зертханасына әкелдім. Ондағы жігіт меннен базардың қай жерінен сатып алғанымды сұрады да, ол жер бүгін тексерілді, күдіктенбей ала беруіңізге болады деп сендірді. Айтуынша, Жайықта балық қырылу жағдайынан кейін базардағы балық күнде тексеріліп тұрады екен.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суретті түсірген автор