Әлеуметтік желілерде өлі балықтарға қатысты жаңа бейнежазба пайда болды. Бұл жолы тор ішінде өлі бекіре тұқымдас балықтар су бетінде қалқып жүр. «AЖ» хабарласқан мамандар мұның Курилкино маңындағы Жайықтың Садок тармағының ортасында орналасқан «Луговой жылқы зауыты» ЖШС Атырау филиалының тоғаны екенін хабарлады. Балық өсіру фермасына едәуір залал келген.
Соңғы үш жылда тауарлық бекіре тұқымдас балықтар мен қара уылдырық өндіретін ферма иесі Әміржан ШАУДАНОВТЫҢ телефон нөмірін білетін адамдар:
– Қазір олардың ешкіммен сөйлесуге көңіл-күйлері жоқ, - деп беруден бас тартты.
Мамандардың айтуынша, бейнежазба бір аптадай бұрын түсірілген. Бұл ТЖ, бейресми деректер бойынша, қаладағы кәсіпорындардың бірінен химиялық заттың суға төгілуі салдарынан Жайықтағы қара балықтың жаппай қырылуына байланысты шығар.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
*****
12 желтоқсанда кешке Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі баспасөз хабарламасын таратты:
«Атырауда бекіре тұқымдас балықтар қырылған оқиғалар тіркелді»
Мамандардың растауынша, бұл Жайық өзеніндегі балықтың қырылуымен байланысты. Атырау облыстық аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы басшысының орынбасары Арман Молдашевтың айтуынша, қазіргі кезде бекіре тұқымдас балықтардың қырылуы «Луговой жылқы зауыты» мен Жайық-Атырау бекіре өсіру зауытында тіркелген.
- «Луговой жылқы зауытында» 100-ге жуық бекіре тұқымдас балық өлген. 1 971 балықтың жағдайы шалажансар. Жайық-Атырау бекіре өсіру зауытында 25 балықтың өлгені анықталды, 30 балық шалажансар, - дейді Арман Молдашев.
Бұл жағдай Жайық өзеніндегі балықтардың қырылуымен байланысты, себебі балық өсіру шаруашылығына өзен суы пайдаланылған. Қазіргі уақытта қылмыстық іс қозғалды, экологтар мен қоғамдық денсаулық қорғау департаментінің мамандары Жайық өзеніне су төгетін құрылымдары бар кәсіпорындардың бәрін тексереді».
Айта кетейік, қазір ведомствоаралық комиссия Жайық өзеніндегі балықтардың жаппай қырылу себептерін анықтауда. Балық қырылу дерегі бойынша екі қылмыстық іс қозғалды. Суға жүргізілген зертханалық зерттеулер Жайық суының тұрғындар үшін қауіпсіз екенін көрсетіп отыр.
Атырау облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі