Қызылқоға ауданының әкімі Арман БАЖЕНОВ брифингте экономикалық көрсеткіштердің артып, қылмыстың азайғаны туралы айта келіп, журналистердің бруцеллез, асыл тұқымды мал және Миялы-Индербор тас жолының құрылысы туралы сұрақтарына жауап берді.
«АЖ» сауалдары:
- Ауданда мал арасындағы бруцеллез ауруы тиылмай тұр. Бүгінгі ахуал қандай?
- Жыл басынан бері ауданда бруцеллез анықталған 439 сиыр, 3248 бас қой-ешкі, 27 бас түйе сойылып, иелеріне 24 миллион теңге өтемақы берілді.
- Аурудың адамға жұғу фактілері кездесті ме?
Бруцеллез ауруымен биыл 14 адам ауырып емделіп шықты. Ауру малдың етін жегеннен емес, ауру малды жалаң қолмен ұстағаннан, төлдеткеннен жұққан.
- Ауданда малды асылдандыру мәселесі қалай шешілуде?
Ауданда биыл 30 шаруа қожалығы 81 бас асыл тұқымды бұқа, 64 бас сиыр және 12 бас айғыр сатып алып, оларға үкіметтен 76 миллион теңге субсидия берілді. Бұдан бөлек, бір жеке кәсіпкеріміз Мұқыр ауылынан абердин-ангус деп аталатын 700 бас асыл тұқымды сиыр әкеліп өсірмек. Бұл бордақылауға арналған етті сиырлар.
Миялы – Индер жолының құрылысы қашан аяқталады?
Миялы Индер жолы бойынша, Миялыдан Қарабауға дейінгі жұмыс аяқталып келе жатыр. Соңғы 22 шақырымы қалды. Келесі жылы республикалық бюджеттен қаржыландырылып, жұмыстар сол жылы аяқталады деп күтілуде. Ал Қарабау-Индер учаскесі бойынша жобалау құжаттары әзірленді, қазір сараптамадан өтіп жатыр.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суретті түсірген автор