Атырау мәслихатының кезектен тыс XXX сессиясының күн тәртібінде облыс орталығындағы құрылыстар туралы әңгіме қозғалды. Атырау қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімі бастығының орынбасары Аслан ҚҰМАРОВ баяндама оқыды.
«Нұрлы жер» бағдарламасының аясында жалпы сомасы 15,1 млрд теңгеге Береке ықшамауданында 9 қабатты 72 пәтерлік 13 үй мен Нұрсая ықшамауданында осындай 8 үй салынып жатыр.
Қазірдің өзінде 13,1 млрд-ы игерілді. Биылғы жыл аяғына дейін барлық 21 үй пайдалануға беріледі.
Коммуналдық тұрғын үйлерді жобалау, салу және қайта жарақтау бағдарламасы бойынша, Береке ықшам ауданындағы құрылысқа 3 млрд теңге бөлінді, оның 2,5 млрд-ы игерілді. Биылғы жыл аяғына дейін 72 пәтерлік 4 үй, 2019 жылдың бірінші тоқсанында осындай мөлшерде үйлер тапсырылатын болады.
Нұрсая ықшам ауданында 6 240 пәтерлік 9 қабатты үйлердің құрылысына 860 млн теңге бөлінді. Бүгінгі күні бұл соманың төрттен үш бөлігі жұмсалды. Объектілер 2019 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі.
Береке ықшам ауданында «Үй құрылысы комбинатын дамыту» бағдарламасы аясында 3 50 пәтерлік 5 қабатты үйлер салу жоспарланып отыр. 975 млн теңге бөлінді, тапсыру мерзімі - 2019 жылдың желтоқсан айы.
Береке, Нұрсая ықшамаудандарында, қала маңындағы Тасқала, Өркен-2, Балауса, Сарықамыс-2, Жұлдыз-3, Ақжар, Самал және Бесікті ауылдарында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға 11,9 млрд теңге бөлінді, оның 10,3 млрд теңгесі игерілді. Бұл елді мекендерде су, газ, электрмен қамту жүйелері және көлік жолдары салынған.
Ақжар және Талғайран ауылдарында көппәтерлі 471 үйдің, сондай-ақ 6 мектеп пен 11 балабақшаның құрылысына жер телімдерін бөлу бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Қоғамдық қауіпсіздік объектілерін салу бағдарламасы аясында 698 млн теңгеге 18 учаскелік пункт салынды. Биылғы жыл соңына дейін олардың барлығы Полиция департаментіне тапсырылады.
«Алматыинжстрой» ЖШС құны 1 миллиард 628 миллион теңге болатын жазғы суармалы су құбырын салуда.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ