Жапония Қытайда жасалған ZTE мен «Huawei Technologies» құралдарын сатып алудан бас тартты. Reuters агенттігінің хабарлауынша, кибер қауіпсіздіктен сақтануға бел буған Жапония Бейжіңнің кибертыңшылық әрекетінен сақтану үшін осындай қадамға барған.
Сатып алуға тыйым салынған тауарлардың қатарында қолданыстағы басқа құрылғылар да болуы мүмкін. Бұл мәселеге қатысты Жапония министрлер кабинетінің бас хатшысы Ёсихидэ Суга: «Қазіргі уақытта Жапония АҚШ-пен сан түрлі сала бойынша тығыз байланыс орнатпақ ниетте. Оның ішінде кибер қауіпсіздік шешімін табуы тиіс бірінші мәселе саналады. Осыған байланысты біздің билік тиісті шараларды қабылдайтын болады», – дейді.
Енді 10 желтоқсанда аталған мәселеге қатысты жаңа заң жобасы қабылданады. Еске сала кетейік, осыған дейін Дональд Трамп қауіптің алдын алу үшін Ақ үй мен басқа да мемлекеттік мекеменің ішінде Қытай тауарларын қолдануға тыйым салған болатын. АҚШ-тың бұл шешіміне Аустралия мен Жаңа Зеландия үкіметі қолдау білдіріп, 5G желісі бойынша Қытай тауарларын пайдаланудан түбегейлі бас тартты. АҚШ, сонымен қатар, Қытайдан тасымалданатын iPhone құрылғыларына салықты еселеді.
Дереккөз: qazaqtimes.com