6 желтоқсанда Украинаның Жоғарғы Радасы «Украина мен Ресей Федерациясы арасындағы достық, ынтымақтастық және әріптестік жөніндегі келісімді тоқтату жөніндегі» заң жобасын мақұлдады.
Заң жобасын парламентке 3 желтоқсанда Украина президенті Петр Порошенконың өзі ұсынған. Оған Керчь бұғазында Ресей армиясының үш украин кемесін атқылап, ұстағаны себеп болды. Құжатқа 277 депутат дауыс берген.
Украинаның сыртқы істер министрі Павел Климкин украин дипломаттары Ресеймен 48 келісімді тоқтатқанын, енді таяу уақытта 40 келісімге де нүкте қойылатынын жеткізді. Украина мен Ресей арасындағы достық және ынтымақтастық жөніндегі келісімге 1997 жылдың 31 мамырында сол кездегі мемлекет басшылары Леонид Кучма мен Борис Ельцин қол қойған.
Жоғарғы Рада мен Мемлекеттік дума құжатты бекіткеннен кейін, келісім 1999 жылдың 1 сәуірінен бастап күшіне енді. 6 желтоқсанда Украина Жоғарғы радасы шекарашыларға территорияға қауіп төнген кезде, ескертусіз оқ атуға рұқсат берді.
Дереккөз: "The Qazaq Times"