Әлеуметтік желілерде улап-шулаған бірнеше жасөспірімнің жаяу жүргінші белгісіне скотчпен орап, байлап тастаған екі құрдастарының үстеріне ұн шашып, жұмыртқа лақтырып жатқан бейнежазбасы кеңінен таралып, қызу талқылауға түскен еді. Бұл Атыраудағы Студенттер көшесіндегі колледждердің бірінің жанында болған. Оқушылар екі курстасын туған күнімен осылайша құттықтаған екен. Бейнежазбаны ғаламторға «құттықтаушылардың» өздері жүктеп, бұл бейнежазбаға тек қолданушылар ғана емес, полиция да қызығушылық танытты.
- Жапа шегушілер 15-16 жастағы колледж студенттері, - дейді Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Назымгүл ҚАЙСАҒАЛИЕВА. – 9 құқық бұзушының барлығы да кәмелеттік жасқа толмағандықтан олардың ата-аналары ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 434-бабы (Ұсақ бұзақылық) мен 435-бабы (Кәмелетке толмағандар жасаған бұзақылық) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Хаттамалар әкімшілік сотқа жолданды.
- Бұл сабақтан кейін болған. Балалар үйлерінен жұмыртқа мен ұн алып келгендерін айтты. Осы жағдайдан кейін олармен және олардың ата-аналарымен әңгіме жүргізілді, - дейді колледж өкілі.
Ал желі қолданушыларының пікірі екіге жарылды: көпшілігі мұны жабайылық деп есептесе, мұнда тұрған ештеңе жоқ, балалардың тентектігі деп есептейтіндер де табылды.
Фархат ӘБІЛОВ