Атырау облысы Құрманғазы ауданы бойынша 19 округте 31 медициналық мекеме бар. Алайда шалғай жатқан ауылдарда дәрігерлер жетіспейді. «АЖ» тілшісі осы өңірдегі халыққа медициналық қызмет көрсету жағдайымен танысты.
Аудан орталығынан алпыс шақырым жердегі Шортанбай ауылындағы аурухана өткен жылы дәрігерлік емхана болып өзгертіліп, он төсектік күндізгі бөлім ашылған. Бұған Жасталап және Көптоғай ауылының тұрғындары емделе алады, алайда...
- Бұл аурухананың жабылуы біз үшін қолайсыз болып тұр. Көптоғай ауылы Қиғаш өзенінің келесі бетінде орналасқандықтан қатынас қиын. Адамдар жүзбелі өткел немесе қайықпен өтеді, мұз қатқанша жағдай осылай,- дейді Көптоғай ауылының тұрғыны Клара АҚҚАЛИЕВА. - Біз тәуліктің аурухананы сақтап қалу жөнінде қанша өтініш білдірсек те, ақыры жабылып тынды. Енді ауруханаға жату үшін аудан орталығына баруымыз керек.
Ал Құрманғазы ауданы ауруханасының директоры Гүлсара МҮТИЕВА халық саны жетіспегендіктен осы тәуліктік аурухананы ұстау тиімсіз болғанын айтады:
- Соңғы үш жыл ішіндегі ахуалға статистикалық зерделеу жүргізгенімізде аурухана өзін-өзі ақтамайтыны анықталып, жабу жөнінде шешім қабылдадық. Қатты сырқаттанған науқасты аудан орталығына жеткіземіз. Дегенмен, қанша халық саны аз болса да, аудан орталығынан 300 шақырым шалғайда жатқанын ескеріп, Азғыр өңіріндегі Сүйіндік пен Балұдықтағы аурухананы жаппай қалдырып отырмыз.
-Кадр мәселесі қалай шешілуде?
- Биыл бізге төрт жас маман - оташы, акушер-гинеколог, стамотолог, ұйымдастырушы келді. Соның өзінде бізге әлі сегіз дәрігер жетіспейді, атап айтсақ, фтизиатор және Хиуаз, Сафон, Приморье ауылдарына учаскелік дәрігер жоқ. Сол себептен аудан орталығынан сол ауылдарға аптасына бір рет дәрігерлер жіберіліп тұрады. Кардиолог пен неврапотолог мамандар жылдың аяғында оқуларын бітіріп келуі тиіс.
- Санитарлық авиация қолдануға мүмкіндік бар ма?
- Тікұшақ көмегімен өткен жылы 44, биыл 37 шақырту ұйымдастырылды. Шалғайдағы Азғыр өңіріндегі жүкті әйелдерді күні бұрын жеткізудің қамы жасалады.
Ауданның орталық ауруханасының да жай-күйі де мәз емес, көптен күрделі жөндеу көрмеген. Аурухана директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Сара МҰҚАНАЛИЕВА терапия, балалар, жұқпалы аурулар бөлімінде керует санының аздығынан кейде орын жетпей қалатынын растады. Осыған байланысты аудан орталығынан жаңа аурухана салынып жатыр, келесі жылы пайдаланылуға берілуі тиіс.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор