«Еуропа елдері Керчь бұғазындағы оқиғаға байланысты Ресейге қарсы санкцияларын күшейту керек». Мұндай мәлімдемені АҚШ Мемлекеттік департаментінің ресми өкілі Хизер Науэрт жасады.
Оның айтуынша, Еуропа Ресейдің Қырымдағы әрекетіне қарсы санкциялар енгізген болатын. Алайда олардың барлығы бірдей орындалып жатқан жоқ. Науэрт сондай-ақ «Солтүстік ағыс-2» құбыры жобасына тоқталып, еуропалық елдерді одан бас тартуға шақырды. «Себебі ол Ресей билігіне көмектеседі» – деді.
Хизер Науэрт, АҚШ Мемлекеттік департаментінің ресми өкілі: – АҚШ Украинаны барынша қолдап келеді. Біз өзге елдердің де осындай саясат ұстанғанын қалаймыз. Әлем елдерінің бір-біріне көмектесіп қолдау білдіруі біздің ұлттық қауіпсіздік стратегиямызда қарастырылған.
Дереккөз: 24.kz