26 қарашада Украина парламенті Ресей Қара теңізде украиналық үш кемеге оқ атып, ұстаған оқиғадан соң елде әскери жағдай жариялау жайын талқылайды. Украина Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің 25 қараша күні өткен шұғыл жиынында әскерилер депутаттарға 26 қараша күні елде әскери жағдай енгізу жайын талқылауды ұсынды.
Украина президенті Петр Порошенко елде әскери жағдай жариялауды қолдайтынын мәлімдеді. Қауіпсіздік жиынында сөйлеген Порошенко елде әскери жағдай Украина Ресейге қарсы әскери қимылдар жасау мақсатында емес, қорғану үшін жарияланатынын мәлімдеді.
Қарашаның 24-і күні Украина әскери теңіз күштері өз кемелеріне Ресей қарулы күштері Қара теңіздің Қырым түбегіне жақын жағалауында оқ атқанын хабарлаған. Ресей әскери теңіз күштері Украинаның екі әскери кемесі мен бір тіркеуге алатын кемесін атқылап, алты теңізшісін жаралаған. Порошенко атыстан соң 23 теңізші тұтқынға алынғанын, Киев ұсталған кемелер және олардың экипажымен байланыса алмай отырғанын хабарлаған. Украина президенті Ресейдің бұл әрекетін "бассыздық" деп атады.
Ресей Қара теңізден Азов теңізіне өтетін жалғыз жол - Қырым түбегіндегі Керчь бұғазына салған көпірінің астына танкер қойып, жолды жапқан. Украина кемелері Қара теңіздегі Одесса портынан Азов теңізіндегі Мариуполь портына бармақ болған. Украина әскери-теңіз күштері кейін кемелер Азов теңізіне өте алмаған соң кері қайтпақ болғанда оларға оқ атылып, ұсталғанын хабарлаған.
Ресей украиналық кемелер теңіздегі өз аумағына заңсыз кірмек болды деп айыптап, оларды қауіпсіздік мақсатында өткізбей қойғанын хабарлады. Ресей оқиға болған аймаққа екі әскери жойғыш ұшағы мен екі тікұшағын жіберді.
Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметі жағалаудағы күзет кемелерінің бірі Украина кемелерін ұстау үшін оқ атқанын, бірақ үш украин теңізшісі ғана жараланғанын растады. Украина Ресейге кемелері Мариуполь портына баратыны туралы алдын ала ескерткенін айтады.
АҚШ-тың БҰҰ-дағы елшісі Никки Хейли Twitter-дегі парақшасында 26 қарашада Қауіпсіздік кеңесі Украина мен Ресей арасындағы жағдайға байланысты төтенше жиын өткізетінін хабарлады. France Press агенттігінің дипломатиялық дереккөздеріне сілтеме жасап хабарлауынша, жиын өткізуді Украина мен Ресей бірдей сұраған.
Дереккөз: azattyq.org