Жыл басынан бері Атырауда рұқсат құжатсыз жұмыс істеген 50-ге жуық фаст-фуд дүңгіршектері алынып тасталды. Ал, бүгін 23 қарашада кезекті рейд өткізілді. Бұл жолы «Дина» базары жанындағы самса, чебуреки және басқа да ыстық тағамдар сататын дүңгіршек тексерілді.
Қалалық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Руслан ДӘУЛЕТОВ осы іс-шараға дейін дүңгіршектің иесіне бұрын оның бизнесінің заңсыздығы туралы хабарлама жіберілгені, бірақ оның ешқандай әрекет жасамағаны туралы ақпаратпен бөлісті.
Эвакуатор көлігін көріп, адамдардың қайтпайтынын түсінген сатушы дүңгіршектен шығудан үзілді-кесілді бас тартып, анда-мында қоңырау шала бастады, бірақ онысынан түк шықпаған болуы керек. Көші-қон полициясы талап еткен соң ғана дүңгіршектен шығып, төлқұжатының қожайынында екенін, оның жолда келе жатқанын айтты.
Бірақ қожайыны ақыры келмеді.
- Міне, қараңыз, мына жер түгел антисанитария. Сатушының төлқұжаты ғана емес, жұмысқа рұқсаты да жоқ. Санитарлық кітапшасы туралы айтудың да керегі жоқ. Ал егер жұқпалы ауруға шалдыққан болса ше? – деді Руслан Дәулетов. – Дүңгіршекті «Арнаулы автобазаға» алып кетіп, қожайынын іздейміз бе? Бірақ мұндай жағдайда қожайыны келмейді.
Ал дүңгіршек бөлшектеліп, эвакуаторға оп оңай тиелді: ол тұтас пластиктен жасалған, іргетасы жоқ. Сол сәт «Атырау Жарық» қызметкерлері де жұмыла кетіп, жақын маңдағы электр тарату бағанынан келетін қуатты ажыратып тастады. Көші-қон полициясы қызметкерлерінің айтуынша, сатушы белгілі бір мекен-жайы жоқ тұлғаларды бейімдеу орталығына жеткізіледі, содан кейін оның тағдырын әкімшілік сот шешеді. Дұрысында, Қазақстаннан тысқары шығарылатын сияқты.
Жақын маңдағы жеміс дүкені сатушысының: «Өкінішті-ақ, енді түскі асты басқа жерден іздеуге тура келеді» деген сөзі есімде қалды.
Фархат ӘБІЛОВ
Суретті және бейнежазбаны түсірген автор