АҚШ-тың Химиялық қаруды қолдануға тыйым салу жөніндегі халықаралық ұйымдағы (OPCW) өкілі Кеннет Уард Иранды құпия түрде химиялық қару жасап жатыр деп айыптады. Ұйымның Гаагада өткен жиынында Уард "Иранның әрекеті халықаралық келісімдерге қайшы келетінін" мәлімдеді.
АҚШ өкілі Иранның OPCW-да тіркемеген химиялық қаруы адамның жйке жүйесін зақымдауы мүмкін екенін айтады. Кеннет Уардтың сөзінше, химиялық қару "әскери мақсатта" қолдану үшін жасалған.
Кеннет мәлімдемесінде Иранның Ресеймен бірге халықаралық ережелерді айналып өтіп, Сирия үкіметіне химиялық қаруға ие болуына көмектескенін айтады. Сонымен қатар, Ливияда бұрынғы басшы Муаммар Каддафи биліктен тайдырылған соң парсы тілінде сөздер жазылған, химиялық қаруы бар қораптар да табылған. АҚШ өкілі бұған қоса Иранды халықаралық көрмеде шеруге шыққандарды күшпен тарату үшін қолданылатын химиялық заттарын көрсетті, ол заттар халықаралық бақылаушылар алдынан өтпеген деп сөгеді.
Иран химиялық қару жасады деген айыптауға әзірге түсінік бермеді. Иран билігі бұған дейін Сирияда химиялық қару қолданылғанын айыптаған. Тегеран Иранның да, Сирия билігінің де химиялық қару қолданылғанына еш қатысы жоғын мәлімдеген.
АҚШ биыл мамырда 2015 жылы Тегеранмен жасасқан халықаралық ядролық келісімнен шығып, 5 қарашада Иранға экономикалық санкциялар салған. Еуропа Одағы, Ресей мен Қытай Вашингтонның бұл шешімімен келіспейді. Еуропа Одағы басшылығы бұған дейін АҚШ-тың Иранға салған санкциясын айналып өту шараларын жасап жатқанын мәлімдеген.
Дереккөз: azattyq.org