2019 жылы жергілікті бюджет жолаушылар тасымалдаушыларды ішінара субсидиялауға кіріседі, ал қаладағы 26 автобус маршруттарына тағы 5-уі қосылатын болады. Бұл туралы Атырау мәслихатының кезектен тыс XXIX сессиясында қала әкімінің орынбасары Мейірім ҚАЛАУИ мәлімдеді.
Оның айтуынша, алдағы уақытта желтоқсанда болатын облыстық мәслихат сессиясында қалалық депутаттар 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық Атырау тасымалдаушыларына субсидия бөлу мәселесін енгізеді.
- Бүгінгі күні енгізіліп жатқан электронды билет Алматы мен Астананың үлгісі бойынша саланы субсидиялау механизмін іске қосуға көмектеседі. Тасымалдаушылар өздерінің жылжымалы құрамын жаңартуға, жүргізушілер мен кондукторлардың жалақыларын көтеруге мүмкіндік алады, демек, олардан лайықты жұмыс сапасын талап ете алады, - деп есептейді әкім орынбасары.
Депутаттар әкімдіктің Геолог ауылдық округін тарату туралы қаулысын мақұлдап, депутат Ринат ДЖАНГЛИШОВТЫ Атырау қалалық мәслихатының хатшысы етіп сайлауға дауыс берді.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ