Еуроодақтың сыртқы істер бойынша Кеңес мәжілісінде қозғалған негізгі тақырыптың бірі Орталық Азиямен өзара әрекеттесуін күшейту болған. Бұл жөнінде Еуроодақ дипломатиясының басшысы Федерика Могерини мәлімдеді.
Келесі жылы Брюссель Орталық Азия бойынша Еуроодақтың жаңа стратегиясын ұсынады деп күтілуде. Мәжілісте энергетика саласындағы ынтымақтастық және Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандырудағы Орталық Азия елдерінің маңызды орны талқыға салынды.
Айта кетер бір жайт, соңғы тақырып 28 қарашада Женевада өтетін БҰҰ-ның Ауғанстан бойынша министрлік конференциясында да қарастырылады. Бұл шараға Қазақстанның сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов та қатыспақ.
Федерика Могерини, ЕО Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты бойынша жоғарғы өкілі:
- Еуроодақ елдерінің министрлерімен бірге Орталық Азия аймағымен ынтымақтастығымызды нығайтуды талқыладық. Бұл біз үшін өте маңызды. Одаққа мүше елдер мұны бірауыздан қолдаған. 23-қарашада Брюсселде өтетін Еуроодақ-Орталық Азия арасындағы министрлер кездесуінде төрағалық етемін. Осы басқосудың басты тақырыптары - аймақпен өзара әрекетімізді күшейту және Еуроодақтың Орталық Азия бойынша жаңа стратегиясы болмақ.
Дереккөз: 24.kz