АҚШ Иран мұнайын сатқан ресейлік компанияларға санкция салды. Қара тізімге енген Global Vision Group пен «Промсырье Импорт» мемлекеттік кәсіпорнының Ираннан Сүрияға мұнай тасымалдауға қатысқаны анықталды.
АҚШ Қаржы министрлігінің мәліметінше, қатаң қаулылар Ресей мен Иранның Башар Асад режимін қолдау әрекетіне қарсы жүзеге асып отыр. Бұл істі анықтау барысында бірнеше астыртын әрекеттер мәлім болған.
Мәселен, Иран Американың санкциясын «елеусіз қалдырып», ресейлік компаниялар арқылы мұнай тасымалын жүзеге асырып отырған. Ал Ресейдің Энергетика министрлігінің қарамағындағы «Промсырье Импорт» кәсіпорны Сүрияға миллиондаған мұнай баррельін жіберген.
Осыған дейін АҚШ «айдаһар санкциялар» атанған қатаң қаулыны Ресейге қарсы іске қосатынын айтқан болатын. Заң жобасының экономикалық бөлігінде АҚШ-та санкциялық режимде тұрған жеті ресейлік банк құрылымдарының, соның ішінде «Сбербанк», ВТБ, ВЭБа және «Промсвязьбанктің» операцияларына және активтеріне тыйым салу қарастырылған. Ал 6 қарашада Уашингтонның Иран банктері мен мұнай компанияларына қарсы санкциялары қалпына келтірілді.
Дереккөз: "The Qazaq Times"