Негізгі табысы мұнай өндірісімен байланысты Атырау облысы Мақат ауданында ауыл шаруашылығын дамыту жайылым жерлердің аздығы, көп жерлердің сортаңдығына байланысты қиын болып отыр. Елді мекендерге жақын құнарлы жайылым жерлер бар. Алайда бұлар көрші Қызылқоға ауданына тиесілі. «АЖ» тілшісіне хабарласқан бір топ шаруалар осы жер мәселесін көптен шеше алмай келе жатқандарын айтады.
- Мал шаруашылығымен айналысқымыз келеді, алайда жайылым жер жоқ. Малмен көзін ашқан қазақпыз ғой. Осы ата кәсібімізді қолға алсақ деген ниетіміз бар еді. Бізге мал өсіруге тиімді жерді шешіп берсе дейміз,-дейді жергілікті тұрғындар.
Бұл тек бүгін айтылып отырған жоқ, тұрғындар бұл мәселені талай рет көтерген.
Мақат ауданы бойынша 20 шаруа қожалығы болса, бұлардың жартысына жуығы Қызылқоға ауданынан жерді жалға алып отыр. Сәйкесінше бұлар салықты да сонда төлеп, есеп-қисабын да сонда тапсырады.
Мақат ауданы әкімінің орынбасары Хайдар КӨПТІЛЕУОВ:
- Жер болмағандықтан біз бәрінің талап-тілегін қанағаттандыра алмаймыз. Қолдан келгенше көмектесуге тырысып жатырмыз. Жақында ауыл шаруашылығы жерлерін беру бойынша ашық конкурс болып, 500 гектардан үш адам жер алды. Қазан айында Ескене станциясында тұратын шаруаларға Қызылқоға ауданына қарасты 14148 гектар жерді рәсімдеп алуға қол жеткіздік. Дегенмен бұл жұмыстар әлі де жеткіліксіз. Бірақ бұл мәселе жуық арада шешіледі деп айта алмаймын.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА