Брюссель Ресей мен Украина арасындағы шиеленіс салдарынан Азов теңізіндегі кемелерді ұстау Украина экономикасына ғана емес, Еуропа елдеріне де әсер ететінін айтты. Еуроодақ таяу уақыт ішінде Азов теңізіндегі жағдайға байланысты «қатаң шараларды» қабылдауға ниетті. Бұл туралы Еуропалық Одақтың дипломатиялық мәселелер бойынша басшысы Федерика Могерини Брюссельдегі ЕО Кеңесі отырысында мәлімдеді.
Оның айтуынша, Ресейдің Азов теңізіндегі кемелерді тоқтату мәселесі дүйсенбіде ЕО-ға мүше елдердің келіссөздері барысында талқыланды және болашақта санкция есебінде қосымша шаралар қабылданады. Могерини бұған дейін Ресей мен Украинаның Азовта әскери барлау мен жаттығу жұмыстарын күшейткенін айтқан.
Украина президенті Петр Порошенко «Азов теңізі әскери кемелер жаттығу өткізетін орынға айналып кетті, ал Ресей украиндық теңіз порттарының блокадасын еркін, заңсыз жүзеге асырып келеді» деп сынға алды. Ал Ресей СІМ Мәскеу Азов теңізіндегі әскери қуатты арттыруға еш ниетті емес деп сендірді. Наурыз айында украиндық шекарашылар ресейлік «Норд» сейнерін тоқтатып, Бердянскке шығарып жіберген.
Сондай-ақ экипаж мүшелеріне кемеден шығуға тыйым салынды. Себебі, келісім бойынша ресейлік кеме Украина аумағына рұқсатсыз өтпеуі тиіс. Яғни ресейлік тарап «Украинаның уақытша басып алынған аумағына кіруге және мемлекет мүддесіне зиян келтіруге тыйым» туралы келісімді өрескел бұзған. Кейіннен Ресей шекарашылары Қырым жағалауларында ЯМК-0041 украиндық балық аулау кемесін ұстады. Осыдан кейін Азов теңізіндегі жағдай ушығып кеткен.
Дереккөз: "The Qazaq Times"