Мәскеуде жұмыс істейтін қырғызстандық таксист әмиянын ұмытып кеткен жолаушыны 8 сағат күткен. Бұл туралы Kaktus.media хабарлайды.
Мәскеу қаласының тұрғыны Варя Борцова әлеуметтік желіде «Сіздің адамзатқа сеніміңізді қалпына келтіретін оқиға» деген жазба қалдырған. Варя жазбасында әділетті және мейірімді жігіт туралы баяндайды. Ол таксиде жоғалған әмиянын жолаушыға қайтарып берген. Әмиянда құжаттар мен ақша болған.
Таксист Мәскеуде жұмыс істейтін Қырғызстан азаматы екен. Ол жолаушыға әмиянды қайтарып беру үшін оны үйінің жанында 8 сағат күткен.
«Мен Мәскеуге таңғы 5-те ұшып келдім. Үйге қайту үшін әуежайдан такси ұстадым. Таксистпен жолда сөйлестік. Үйге жеткен соң, ұйықтадым. Оянған соң, таксиде әмиянымды ұмытқанымды түсіндім. Оның ішінде ақша, банк карталары, құжаттар болатын. Шұғыл желі арқылы такси қызметін іздеуге жарты сағаттай уақыт кетті. Бірақ мен такси шақырған жоқпын. Оны көшеден ұстадым. Бірақ істі қиындатып жібердім. Мен құжаттарым қылмыскерлердің қолына түскен шығар деп уайымдаумен болдым. Олар міндетті түрде менің құжаттарым мен банк карталарымды пайдаланады деп ойладым», - дейді Варя Борцова өз жазбасында.
Кейін мәскеулік тұрғын қырғызстандық таксистің әркекетіне сүйсінгенін жазады.
«Мен карталарды бұғаттап, құжаттарды қалпына келтіруге дайындала бастадым. Кенеттен әкем «Көшеде таксист тұр. Мүмкін, ол сол жүргізуші шығар» деді. Ол мені 8 сағат бұрын үйге жеткізіп салған, қырғызстандық таксист екен. Оның қолында менің әмияным болды. Ол біздің үйден шыққан әрбір адамнан мені сұраған», - дейді ол.
Осыдан соң кейіпкер бірден сыртқа шыққан.
«Ол мені «Сіз қайда болдыңыз? Қалай ұзақ ұйықтауға болады? Мен тоңып қалдым». Мен жыладым. Ол да көз жасына ерік берді. Мен оны құшақтадым. Ол шынында да тоңып қалыпты. Қазір қараша айының ортасы ғой. Біз Ресейдеміз. Оның мені такси қызметі арқылы тапқысы келгенін білдім. Бірақ ол ойынан түк шықпаған. Кейін ол менің үйіме келіп, 8 сағат бойы күткен. Тіпті мен оның тамақтануға барған-бармағанын да білмеймін. Ол өте әділетті азамат екен. Эмоцияға беріліп, оның атын сұрауды да ұмытып кетіппін. Біз оған такси қызметіне төлеген ақшадан 5 есе көп мөлшерде ақша бердік. Бұл мені күтуге кеткен шығынның орнын толтыратын шығар. Менің оған алғысым шексіз. Оның ата-анасы осындай азаматты тәрбиелеп, бүгінгі таңда мүмкін емес дүние болып саналатын дүниеді жасады ғой», - дейді мәскеулік тұрғын.
Дереккөз: Baq.kz