Атырау, 25 қараша 14:44
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

«Арнаулы автобаза» экс-директорының ісі: орынбасар ант берді, бірақ ештеңе есінде жоқ

2 148 просмотра


15 қарашада Атырау қалалық №2 сотында «Арнаулы автобаза» ЖШС-нің бұрынғы директоры Самат ТҰРНИЯЗОВ пен тағы 3 фигурантқа қатысты қылмыстық іс бойынша сот процесі жалғасты. Куәгер ретінде ЖШС директорының орынбасары Қимеден ШМАНОВ сөз алды. Бастапқыда ол, әдеттегідей, ҚР Конституциясымен ант берді («тек қана шындықты, барлық шындықты айтуға және шындықтан басқа ешнәрсе айтпауға ант етемін»), дегенмен төрағалық етуші судья Дәуренбек ДАУМОВ жалған куәлік бергені үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын бірнеше рет ескертті.

- Мен «Арнаулы автобазада» 1982 жылдан бері жұмыс істеймін, сотталушылар орындығында отырғандардың барлығын білемін. Самат іссапарларға шыққанда, ТКШ басшысының бұйрығымен мен директордың орнында қалатынмын және құжаттарға, оның ішінде қаржылық құжаттарға қол қоюға құқығым бар еді. 2016 жылы Тұрниязовты директор етіп тағайындаған кезде, ол мені шақырып алып, қаланы санитарлық тазартуға қатысты барлық құжаттарды, соның ішінде «Бақ-Құт» ЖШС-нің кейбір құжаттарына менің қол қоятынымды айтты.

- Сіз «жалған» актілерге қол қойдыңыз ба? Мысалы, «Бақ-Құт» ЖШС техникалары желіге шықпады, ал сіз техника жұмыс жасады деп қол қойдыңыз. Осындай болды ма? - деп сұрады прокурор Заңғар ЗАҢҚАНОВ.

- Жоқ, ондай болған жоқ.

Тұрниязовтың заңгері Саян ЖҮНІСБАЕВ: «Бақ-Құт» ЖШС-ке қатысты орындалған жұмыс актілеріне қашан және қандай сомаға қол қойылды?

Шманов жауап беруге қиналды, судья мен адвокатта күмән пайда болды:

Адвокат Жүнісбаев: Тергеу барысында сіз қашан және қандай сомада келісімшартқа қол қойғаныңызды нақты айттыңыз. Ал енді неліктен қазір қиналып отырсыз?

Шманов: Есімде жоқ.

Судья Даумов: Сізге қол қоюға актілерді кім әкеліп, кім алып кетеді?

Шманов: Кейде хатшы, кейде Асқар Қалдыбаев әкелетін. Ал кімнің алып кететіні есімде жоқ.

Судья Даумов: Тергеу барысында сізге қысым көрсетілді ме? Неліктен сіз тергеу барысында сағатын, күні мен басқа да мәліметтерді егжей-тегжейлі көрсетіп, ал енді қазір дұрыс жауап бере алмай тұрсыз? Айтыңызшы, КамАЗ-дың бір сағаттық жұмысы қанша тұрды?

Шманов: Дәл есімде жоқ. 4 мың теңгедей ме?

Судья Даумов: Иә, 4050 теңге. Сіздің немесе ұлыңыздың «Бақ-Құт» ЖШС-нде КамАЗ көліктеріңіз бар ма?

Шманов: Бар, екі ұлымда.  

Судья Даумов: Ал сіз ұлдарыңыздың арнайы техникасы жұмыс істемесе де, актіге сәйкес жұмыс істеді деп көрсетілген актілерге қол қойдыңыз ба?

Шманов: Жоқ, мен бұған жол бермес едім.

Сотталушы Самат Тұрниязов та куәгерге сұрақтар қойды.

- Біздің ЖШС мен «Бақ-Құт» ЖШС арасындағы келісім 10 техника бірлігіне жасалды. Бірақ сен ақша 15 техникаға аударылғанын айттың. Тағы бесеуі қайдан келді?

- Білмеймін.

- Учаске бастығы Шатаев арнайы техникаға келісімшарттар жасалғаннан кейін, жүргізушілерден ақшалай «откат» алған. Мен бұл туралы білген кезде ол демалысқа шығып кетті, ал кейінірек оны келеңсіз себептерге байланысты жұмыстан шығардым. Сен бұл туралы білдің бе?

- Мен оны ақша алады деп естідім, бірақ өз көзіммен көрген жоқпын.

Адвокаттар мен судьяның келесі сұрақтарына Шманов «білмеймін», «есімде жоқ» жеп жауап берді.

Судья Даумов: ЭКСПО-2017-ге бару үшін 20 адамға ақша бөлінген. Әр адамға 74 мың теңгеден келеді. Көрмеге кім кетті?

Шманов: Тұрниязов, Қалдыбаев. Басқалары есімде жоқ.

Тұрниязов: Мен жауап берген кезде, әр тиынынан дейін жауап беремін. Қимеден Камалиденұлы, мен саған келіп, «Бақ-Құт» ЖШС-тің орындалған жұмыстар туралы жалған актілеріне қол қоюды өтінген кезім болды ма?

Шманов: Жоқ.

Шмановтан басқа, іс бойынша тағы 168 куәгер бар.

Фархат ӘБІЛОВ

16 қараша 2018, 16:49

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.