Атырау, 25 қараша 14:48
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

«Себепсіз суицид болмайды»

3 915 просмотра


Атырау облысы Құлсары қаласында соңғы екі жылда өзі-өзіне қол жұмсау фактілері көбейген. Ресми ақпараттарға сәйкес, өткен жылы 13 адам (8 ер және 5 әйел адам, көпшілігі 25-35 жаста) өз еркімен өмірден қоштасса, жыл басынан бері осындай 16 оқиға тіркелген (13 ер және 3 әйел адам, 15-17 жастағы 4 жасөспірім).  «АЖ» тілшісі осы жайттың себептерін іздеп көрді.

Біз өлім себептерін анықтауға тырысқанымен толыққанды жауап табу оңайға соқпады. Осы қайғылы оқиғаларды басынан кешірген отбасылармен сөйлесе алмадық, оларды да түсінуге болатын шығар.  Дегенмен, биресми дереккөзге сенсек, кейбіреулер артына хат та қалдырып кеткенге ұқсайды, бірақ бәрі жұмбақ күйінде қалып отыр. Егер кейбір таныстарымыз, әріптестеріміз, мамандардың сөздеріне сенсек, өлім құшқандардың тарапынан күйзеліс пен күйініш сезілмепті.

Жанар ҚАЗИЕВА, аудандық білім бөлімінің басшысы:

- Биыл 9—11 сыныптың төрт оқушысы асылып қалды. Ал екі оқушыны құтқарып қалу мүмкіндігі туды. Зерделеп қарағанымызда қайтыс болған оқушылардың әл-ауқаты, болмаса білімі тарапынан жетіспеушілік байқалмаған. Мінез-құлқынан оғаштау болар өзгеріс сезілмегендіктен мұғалім мен ата-аналар тарапынан күдік тумаған. Құтқарылған екі оушымен де сөйлескенбіз, олар да жарытып ештеңе айтқан жоқ. Айтқысы келмеген шығар. Барлық мектепте сауалнамалар жүргізілді. Қорытындылай келе «қауіп тобына шыққан» 23 оқушы анықталған еді. Бұл оқушылармен мектеп психологтары жеке сұхбат жүргізіп, «қауіп тобында» 6  оқушы қалып отыр. Олармен жеке жұмыстар жүріп жатыр.

- Мектептерде психологтар тарапынан құпия сақтаушылық, балалармен еркін әңгімелесу қандай дәрежеде? Адамдардың психологқа сенімі қалай?

Бұл сауалымызға мектеп психологы Гүлжайнар ІЛЕСОВА былай деп жауап берді:


- Біздің мектептен екі оқушы өзі-өзіне қол жұмсады. Бұл бізге оңай тиген жоқ. Біз барлық жағдайда да құпиялылықты сақтап отырамыз. Менен көмек сұрайтындар баршылық. Сол сенгендікі шығар.

Психологтың жұмысы ересек адамдар үшін де қажет. Жыл басынан бері 953 адам психологтардың көмегіне жүгінген. Олардың жас шамалары әртүрлі.

- Отбасымен ұрсысып қалған, несие алып күйзеліске түскендер, жұмысында сәтсіздік болған бизнесмендер және тағы басқа адамдар келіп жатады. Түрлі күйзеліс жағдайлары болады ғой,- дейді емханадағы профилактикалық жұмыстардың алдын алу бөлімінің меңгерушісі Фарида ТАПАЛОВА.  Біз оларға психологиялық тұрғыда көмектер беріп, үйлеріне дейін барып жағдайларының қалыпқа түскеніне дейін назарда ұстап отырамыз.

Бұл жайт туралы Құлсары қаласы бас мешітінің наим-имамы Біләл САҒЫНДЫҚОВ былай дейді:


- Біз қайтыс болған қаралы отбасы туыстарымен сөйлескенде марқұмдардың кейбірі түнде «қара кісілер» келіп, ұйықтатпай шақырады, содан жаман түстер көремін деген. Жаман жерлерді басу, жын-шайтандардың кесірінен болуы мүмкін. Ауданда мұндай оқиғалар көбейген соң, мал сойып, садақа беріп, дұға оқытып жатырмыз. Бұдан оншақты жыл бұрын Тұрғызба ауылында жаппай осындай жағдай болды. Кейін садақа беріп, құран оқытып, содан кейін басылған.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА 

Суреттерді түсірген автор

14 қараша 2018, 10:12

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.