Мақат ауданы Доссор кентінде көше тазалығы пен кәріз суларын шығару үлкен проблемаға айналған. Тазалыққа жауапты «Тазалық-Көгал» ЖШС жұмысына тұрғындардың көңілі толмайды. Мәселеге алаңдаған бір топ тұрғын «АЖ» тілшісіне хабарласты. Тұрмыстық қалдықтар салынған жәшіктер үнемі толып тұрса, пайдаланылған кәріз суы ауыл сыртындағы қоршалмаған карьерге төгіліп жатыр.
Лас кәріз суын әлгі шұңқырға төгіп жатқанын «АЖ» тілшісі көзімен көрді. Сөйлеспек болғанымен тұщымды жауап қатпаған жүргізуші:
- Бұл балабақшадан сорып алынған кәріз суы. Үнемі осында төгіп жатырмыз, басқа қайда апармыз. Ал басқада шаруам жоқ. Біз тапсырма орындаушымыз.
Бұған байланысты аудандық ТКШ бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Айдос АЙЖАРЫҚОВ былайша комментарий берді:
- «Тазалық-Көгал» ЖШС-нде техника бұзылуы салдарынан кідіріс болғаны рас. Енді бұл кемшіліктерді қалыпқа келтіру үшін 15,3 миллион теңгеге 6 техника - трактор, «КамАЗ», тиегіш көліктер - сатып алуға конкурс жарияладық. Сонымен қатар ауданда тұрмыстық қалдықтарды сақтау полигонын салу сметалық жобалау жұмысы жүруде.
- Кентте кәріз суын тазартатын станция қашан салынады?
- Кәріз желісін және ғимараттарын салу жұмысына 5 млрд 458 миллион теңге қаралды, мердігер - «ГарантСтрой» ЖШС. Нысан келесі жылы желтоқсан айында пайдаланылуға берілуі тиіс.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор