АҚШ Солтүстік Кореяда жасырын сақталған жиырмаға жуық зымыран базасын тапты. Бұл туралы Уашингтондағы Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығы хабарлады.
«Reuters» агенттігінің мәліметінше, базаларда әртүрлі қашықтықтағы баллистикалық зымырандар бар және олар зымыран арсеналын сақтау үшін қолданылады. Қазірше 13 базаның нақты қай жерге жасырылғаны анықталды. Жерсеріктен түсірілген суреттерде полигондар Солтүстік Кореяның таулы аймақтарында орналасқан. Бірақ, әскерилер зымыранды іске қосатын қондырғылардың анықталмағанын айтады.
Пхеньянда әскери нысандар әлі күнге дейін жұмысын тоқтатпаған. Америкалық сарапшылардың айтуынша, Солтүстік Корея тарапы жасырын базаларды халықаралық бақылаушылардан жасырмақ болған және төтенше жағдайлар орын алса, базалардан зымырандардың атылуы ықтимал.
Осы ретте сарапшы Джозеф Бермудес: «Пхеньян өзге зымыран базаларын жасырып қалу мақсатында, «Сохэ» зымыран полигонын жария етіп бұзған. Мұнымен шектелмей, КХДР биыл мамырда «Пунгери» полигонын датас-талқан етті. Ал нысанды қиратуға шетелдік мамандар мүлде қатыстырылған жоқ. Демек, зымырандар жарақталмағанның өзінде айтарлықтай қауіп төндіре алады», – дейді.
Айта кетейік, 12 маусымда Сингапурде алғаш рет АҚШ пен Солтүстік Корея басшыларының саммиті өткен болатын. АҚШ президенті Дональд Трамп пен Солтүстік Корея басшысы Ким Жоң Ын келіссөздер қорытындысы бойынша ортақ құжатқа қол қойды.
Онда Пхеньян Корей түбегін ядролық қарудан толық босатуға дайын екенін хабарлап, ал АҚШ оған қауіпсіздікке кепілдік беруе міндеттелген болатын. Саммит қорытындысы бойынша ядролық қарудан бас тартуға шешім шығарылып, қос тараптың бақылаушылары КХДР-дің ядролық бағдарламадан бас тарту туралы келісімін қадағалауы қажет.
Алайда, америкалық барлау қос ел басшысы арасында уағдаластық болғанына қарамастан, КХДР ядролық қару жасауды әлі жалғастыруда деп хабарлаған еді. Ал Солтүстік Корея тарапы АҚШ пен Оңтүстік Кореяны Корей түбегіндегі шиеленісті бәсеңсітетін келісімді бұзып, қайтадан әскери жаттығу өткізіп жатыр деп айыптаған.
Дереккөз: "The Qazaq Times"