8 қарашада Париждегі Халықаралық сауда палатасы жанындағы Арбиртаждық трибунал «Mağdenli Yer Hizmetleri ve Taşıma Anonim Şirketi» түрік компаниясының Қазақстан Республикасына қарсы барлық талап арыздарын қабылдамау туралы шешім шығарды. Бұл туралы ҚР Әділет министрлігінің баспасөз хабарламасында мәлім етілген. 2015 жылғы наурызда арбитраждық процесстің басталуына түрік фирмасымен бірге «АТМА – Атырау әуежайы және Тасымалдау» АҚ-тың құрылтайшысы - «Атырау» ӘКК» АҚ бастамашы болған.
Биыл маусым айында негізгі тыңдау процестері өтті. Талапкер Қазақстанды «Атырау халықаралық әуежайы» АҚ-ты құру арқылы жанармай жеткізу, жүк қызметі және тікұшақтарға қызмет көрсету бойынша қызметтерді экспроприациялады деп айыптап, сонымен қатар Қазақстан өзінің «ATMA - Атырау әуежайы және Тасымалдау» АҚ-қа салған қосымша инвестицияларын өтеуге міндетті деп мәлімдеді. Талап арыз сомасы шамамен 16 миллион долларды құрады.
Тараптардың дәлелдерімен жете танысып шыққан Арбитраждық трибунал ҚР мемлекеттік органдары қызметтерді экспроприациялау бойынша қандай да болмасын әрекеттер жасамады, сондай-ақ, қосымша инвестициялардың қайтарылуына кедергі болмады деген қорытынды шығарып, барлық тармақтар бойынша талапкердің талап арызын қанағаттандырудан бас тартты. Трибунал, сондай-ақ, қазақстандық сот жүйесі шетелдік инвесторлардың құқықтарын бұзбады және заңдылық пен әділдік қағидаттарына сәйкес әрекет етті деп атап өтті.
«ATMA - Атырау әуежайы және тасымалдау» АҚ Атырау қаласы әуежайындағы әуе рейстерінің жолаушыларына қызмет көрсетеді. Түрік компаниясы - терминал иесі.
Сонымен қатар «Атырау халықаралық әуежайы» АҚ ҚР Қаржы министрлігінің сайтында жекешелендіруге жататын кәсіпорындар тізіліміне енгізілген. Екі компания – қазақстандық және түрік компаниялары «мемлекеттік холдингтер меншігі» тобында көрсетілген. «ATMA - Атырау әуежайы және тасымалдау» АҚ-ты мемлекеттік меншікте уақытша сақтау» және «Атырау халықаралық әуежайын» жекешелендіру керек деп жазылған. «Атырау» ӘКК» АҚ активтерді басқару департаментіндегілер белгіленген сауда-саттықтар туралы ақпараттың түспегенін хабарлады.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ