АҚШ президенті Дональд Трамп бас прокурор Джефф Сешнсті отставкаға жіберді. Сешнс өзінің өтінішінде қызметінен Президенттің сұрауымен кетіп бара жатқанын жазған.
Алайда Ақ үй басшысы бұл іске қатысты түсініктеме беруден бас тартты. Сондықтан Сешнстің қызметінен нақты не себепті босатылғаны белгісіз. Ал оның міндетін уақытша бас прокурор басқармасының жетекшісі Мэтью Уитэкер атқарады.
Айта кетейік, дәл осы Джефф Сешнстің тұсында Ресейдің АҚШ-тағы президенттік сайлау науқанына араласқаны жөнінде тергеу басталған болатын. Бірақ Сешнс оған араласудан бас тартып, президент Трамп оның бұл әрекетін бірнеше мәрте сынаған еді. Себебі, Ақ үй басшысының пікірінше, тергеу АҚШ-қа зиянын тигізеді.
Дереккөз: 24.kz