Атырауда жоспарланған кең ауқымды құрылыс жобалары өте көп, бірақ олардың барлығы бірдей уәде етілген мерзімде жүзеге асырылмайды. Ал кейбіреулер жай ғана «ілініп тұрады». «AЖ» олардың жүзеге асырылу кезеңдерін бақылауды ұйғарған еді.
ЖАЯУ ЖҮРГІНШІЛЕР ЭСТАКАДАЛАРЫ
2016 жылдың басында Атырау қаласының әкімдігі көлік қозғалысы көп көшелерден қауіпсіз өту үшін 2010 жылы Сәтпаев даңғылы мен Пушкин және Студенческий көшелерінің қиылысында салынған өткел секілді бес жаяу жүргінші эстакадаларын салуды жоспарлаған еді. Жол үстіне салынатын өткелдер қаланың бес нүктесіне салынуы тиіс болды: Баймұханов көшесінің бойында (теміржол вокзалының маңында), Махамбет көшесінің бойында («Светлана» маңында), Азаттық даңғылының бойында (мемлекеттік кірістер департаменті маңында) және Сәтпаев даңғылының бойында екі жерде (Тайманов көшесімен қиылыста және Музыка академиясының жанында).
Бюджеттен қаржы бөлініп, мердігерлер анықталды. Алайда құрылысқа дайындық кезеңі ұзаққа созылып кетті. 2018 жыл аяқталып қалды, ал уәде етілген эстакадалар әлі жоқ. Қалалық құрылыс бөліміндегілер жұмыстардың биыл қыркүйекте басталғанын айтып, эстакадалар 8 айдан кейін пайдалануға беріледі деп сендірді. Тапсыру мерзімдері бірнеше рет шегерілген еді, ал бұл жолы не болатынын көрейік. Айтпақшы, егер осы жолы салынып бітсе, тағы бір проблема туындайды. Өйткені, осы нысандарды тапсырғаннан кейін жердегі жаяу жүргіншілер өткелі алынып тасталады. Ал тұрғындардың қозғалысы шектеулі тобы ол жермен қалай өтеді? Жолүсті өткелінің жобасында түсу-көтерілу мехаанизмдері қарастырылмаған ғой.
ЖАСТАР САЯБАҒЫ
АМУ маңындағы Жайықтың өзен айналмасына Жастар саябағын салу 2012 жылдан бері жобаланып келеді. Ал жобалау-сметалық құжаттамасы екі жылдан кейін әзірленді. ЖСҚ-ға сәйкес 6 гектар алаңға, атап айтқанда, бұрқақтар, кафе, түрлі аттракциондар, шолу дөңгелегі, спорт алаңдары және т.б. қарастырылған.
Кейінірек болашақ саябақтың макеттері жарияланды, нобайы тым жақсы көрінеді. Алайда қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары ірі мұнай компанияларының бірінен демеушілік қаржы күтіп, тоқтап тұр. Бұл -шамамен 4 млрд теңге.
КРОССФИТ-АЙМАҚТАР
Биылғы жылдың шілдесінде өткен брифингте қалалық құрылыс бөлімінің бастығы Тимур БАСАРОВ Атыраудан әрқайсысының құны 150 миллион теңге болатын 5 кроссфит-аймағын (ашық аспан астында жабдықталған спорт алаңы) салуға жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатқанын хабарлаған еді. Қала тұрғындарында «бұл неге сонша қымбат?» деген сұрақ туындап отыр. Кейбіреулер тіпті бұл сомаға не сатып алуға болатынын есептеуге кірісті, оған екі бөлмелі бес пәтер, ондаған әжептәуір көлік, сүйікті жұбайың мен енең үшін елу ішік және т.б. алуға болады екен. Оның үстіне, неліктен екені белгісіз, құрылыс бөлімі болашақ спорт алаңдарының макетімен бөліскісі келмеді. Сөйтіп, бірнеше ай бойы Атыраудың кей жерлерінде орнатылған сары түсті темір жаттығу құрылғылары бар алаңдарды (қазір бұлардың көбінің түгі қалмаған) елестетіп, жорамалдаумен болдық.
Құрылыс бөліміне бұл сапарымыз осы құпияға жарық сәуле түсіргендей болды. Сөйтсек, бұл алаң емес, спорттың алуан түрімен айналысуға арналған залдары бар көпфункционалды екі қабатты кешендер екен. Олар Қайнар, Химпоселке ықшамаудандарында, қала маңындағы Дамбы және Ақсай ауылдарында салынбақ. Құрылыс бөліміндегілер балалар бұл жерге тегін қатыса алады деп сендірді. Әр кешеннің құны 110 млн теңге екенін де нақтылады. Егер бюджеттен қаржы табылса, құрылыс 2019 жылы басталуы тиіс.
БҰРҚАҚТАР
Биылғы жазда Атырауда 2004-2006 жылдары салынған 27 су көздерінің бірде біреуі жұмыс істемеді. Мамыр айында қалалық құрылыс бөлімі ескі субұрқақтарды күреп, жаңасын салуды жоспарлаған еді. Дегенмен, жоспарлардың қашан жүзеге аса бастайтынын әзірге бұл жердегілер білмейді, алайда жобалау-сметалық құжаттама әзір. «Ақ Жайық» қонақ үйінің алдындағы айналма ортасында жылтырақ тортпен көмкерілген бұрқақтың тағдыры да белгісіз.
- Ал «торт» астында бұрқақ қалды ма, әлде оны бұзып тастады ма? – деп сұрадым мен қалалық құрылыс бөлімінің маманы Батыржан МҰСАҚАЕВТАН.
- Торт астында? Қызық екен! Тіпті, бұрқақ туралы білмеймін де.
Анастасия АЛЮШИНА
Қалалық құрылыс бөлімі жолдаған суреттер