Жақында қысқа дайындыққа арналып өткен мәжілістердің бірінде Атырау облысының әкімі Нұрлан НОҒАЕВ мұнайлы астанадағы атмосфераның ластануы туралы қатты сын айтты. Бұл түсінікті де, өйткені лауазымға қарамастан, бәріміз де адам баласымыз, бір жердің ауасын жұтып отырмыз.
Мәжіліске қатысып отырған «Қазгидромет» РМК Атырау филиалының директоры Салауат ТӨЛЕНОВ тиісті ақпаратты жайып салды. Оның айтуынша, «Вест Ойл» - №104 пост, №109-«Восток», №116-«Болашақ Запад» станциялары, сондай-ақ, «Пропарка», «Химпоселок» станциялары автоматтық режимде 19-23 қазанда жүргізілген мониторинг барысында 10-45 ШРК шегінде жоғары дәрежеде күкірсутекпен ластанған 71 жағдайды және 51-133 ШРК шегінде экстремалды-жоғары дәрежеде күкірсутекпен ластанған 12 жағдайын тіркеген.
- Біз үнемі осындай мониторинг жүргізіп отырамыз, әрі қарай ақпарат экология, ТЖ департаментіне, прокуратураға, денсаулық сақтау басқармасына ұсынылады. Соңғы фактілер бойынша ластанудың нақты көзін атау әзірге мүмкін емес, - деді Төленов.
Облыстық экология департаментінің ақпараты бойынша, жыл басынан бері біздің өңірімізде экологиялық заңнаманың сақталуына қатысты 100-ден астам тексеру жүргізілді, 248 заң бұзушылық анықталды. Рұқсат етілмеген шығарындыларға жол берген кәсіпорындарға 196 әкімшілік айыппұлдар салынды. ҚР экологиялық заңнамасын бұзған кәсіпорыннан бюджетке соңғы жылдары 13 миллиард теңгедей қаржы түсті. Бірақ біздің денсаулығымызды кім өтейді?
Фархат ӘБІЛОВ
Суретті түсірген автор