Қызылқоға ауданы Миялы ауылының «Мөлтек» ықшамауданында 2012 жылы ашылған 30 орындық «Балдәурен» бөбекжай балабақшасы жабылған. Алайда, бұл ауданда үй салушылар көбейіп, тұрғындар саны артып жатыр екен.
- Бұл балабақша ашылғанда қатты қуанған едік. Санитарлық талапқа сай емес, қаржы үнемдейміз деп балабақшаны жауып жатыр, бұған ата-аналар түбегейлі қарсымыз. Алғаш ашылған бәрі сәйкес келетін еді, енді кездейсоқ «тиімсіз» болып қалыпты - дейді тұрғындар. - Енді балаларыңды орталықтағы «Нұршуақ» балабақшасына апарыңдар дейді. Біз қатынастың қиындығына байланысты балабақшаны жаппау жөнінде аудан әкімі А. БАЖЕНОВТЫҢ қабылдауында болғанымызда ол «әлі де ақылдасамыз, әзірге жаппаймыз, жиналыстарда талқыланады» деген, бірақ ақырында біздің талап-тілегіміз ескерілместен қалды. Орталық балабақша алыс, таксимен апаруға мүмкіншілігіміз жоқ. Қоғамдық көлік те қарастырылмаған. Өңірдің табиғаты қатал, қатты. Аязды, боранды күндері қиналамыз.
Аудандық және қаржы бөлімінің басшысы Қ. СӘЛІМГЕРЕЕВАНЫҢ жауабында былай делінген: «ҚР Премьер-Министрдің орынбасары Е. А. Досаевтың төрағалығымен өткізілген мәжілісте мемлекеттік мекеме балансысындағы квазимемлекеттік ұйымдарды оңтайландыру жөніндегі тапсырма берілді. Осының нәтижесінде аудандағы квазимемлекеттік мекемелерге талдау жасалған еді. «Балдәурен» бөбекжай балабақшасын ұстау үшін жылына 21 млн теңге бюджеттен қаржы бөлініп отыр. Егер де «Нұршуақ» балалар бақшасына «Балдәуренді» қосқанда 12 млн теңге үнемделеді екен. «Балдәуренде» спорт және акт залдары жоқ, от жағу ғимараты сәйкес келмейді» деп көрсетілген.
Тағы бір мәселе, оңтайландырудың нәтижесінде балабақшада жасаған жиырмадан астам адам жұмыссыз қалады. Енді олар қайда бармақ?
Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Марат АБУОВ:
- «Балдәуренді» талапқа сай сәйкестендіру аудан бюджетінен қосымша 38 млн теңге қаражатты қажет етеді. Ал бұдан төрт жыл бұрын ашылған «Нұршуақ» балабақшасы барлық талапқа сәйкес келеді және 250 баланы қабылдауға толық мүмкіндігі бар. Күні бүгінде оған ауылдың барлық бағытынан 210 бала барып жүр. «Балдәурен» балабақшасының қызметкерлері де жұмыссыз қалмайды. Енді бұл ғимаратты «Жастар орталығы» ету ойымызда бар. Көпшілігі жұмысқа сонда орналастырылады және қалғаны «Нұршуаққа» қабылданады.
- «Мөлтек» ықшамауданы үлкейіп келеді екен. Болашақта ол жақтан балабақшаны ашу мүмкіндігі бола ма?
-Әрине. Ол болашақтың ісі.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттті түсірген автор