Атыраудағы Құрманғазы атындағы мәдениет үйінде «Өнегелі әже» облыстық байқауы өтіп, оған Атырау қаласы мен аудандардан 8 қатысушы қатысты. Бас жүлде мен 500 мың теңге сыйлығын Құрманғазы ауданынан келген 82 жастағы әже Жаннат ҚҰРМАНҒАЛИЕВА жеңіп алды.
Бірінші бөлімде ең көп бесік жырын айту бойынша Атырау қаласының атынан қатысқан Сәуле ҚАЙРОШ ерекшеленді. Ол халық ауыз әдебиетіндегі, ақындар жырындағы және өз немерелеріне арнап ойынан шығарған 10-ға жуық бесік жырын айтқан болатын.
- Бүгінгі шара әжелердің арасындағы сайыс қана емес, жастарға берер тағылымы мол іс. Қазақтың табиғатына сай салт дәстүрлерді жастарға біз көрсетпегенде кім айтады. Өзім байқаудың қолөнер кезеңіне батыс өңірінде көп кездеспейтін ши құрақ және қоржын мен шашбау жасап әкелдім,- дейді С. Қайрош.
Сайыстың екінші кезеңінде әжелер бүгінгі заманның кейіпкерлерін қоса отырып, ертегі айтудан сынға түсті. Әжелердің бірі өз ертегісінде Атыраудың экологиялық ахуалын көтеріп, немерелерін тазалық үшін күресуге шақырды.
Байқау қорытындысы бойынша әділ қазылар екінші орынды Индер ауданынан келген Бақытжан ЖАЙЫМОВАҒА (300 мың теңге), үшінші орынды Сәуле ҚАЙРОШҚА (200 мың теңге) табыс етті. Қалған қатысушылардың барлығы «Көрермен көзайымы» номинациясымен және 50 мың теңге сыйақымен марапатталды.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суретер мен бейнежазбаны түсірген автор