Камеруннің солтүстік батысындағы Баменда қаласында белгісіз біреулер 81 адамды ұрлап кеткен. Ақпарат көздерінің хабарлауынша, қаруланған бір топ адам жергілікті колледжге баса көктеп кіріп 79 оқушы мен оқу орнының екі қызметшісіне күш көрсетіп беймәлім жерге алып кетті.
Әскерилер жоғалғандарды іздестіруге кірісті. Қылмыстық іске қатысты жауапкершілікті ешбір ұйым өз мойнына алған жоқ. Жергілікті билік өңірде коменданттық сағат орнатты. Оқиға орын алған мекеме уақытша жабылды.
Айта кетейік, жуырда «Боко Харам» радикалды ұйымының мүшелері осы аймақта атыс ашып 15 адамды мерт қылып, 8 адамды тұтқынға алған. Сонымен қатар Гакара ауылында 30 баспананы өртеп жіберген болатын.
Адолфе Леле Лафрик, Солтүстік-батыс аймағының губернаторы:
- Үмітімізді үзбейміз. Әскерилер жоғалғандарды табатынына сенемін. Барлық қауіпсіздік шаралар қолға алынды. Оқушылардың үйлеріне аман есен оралуы үшін бар күшімізді саламыз.
Дереккөз: 24.kz