31 қазанда Атырау облысы Мақат ауданы Доссор кентінің 20-дан аса тұрғыны көшеге шығып, ауыл ортасына газ құю станциясын салуға қарсылығын білдірді. Жиынға келген кент әкімдігінің қызметкерлері мұны заңсыз деп, тарауларын өтінді. Алайда бұдан ештеңе шыға қойған жоқ. «АЖ» тілшісі осы жайға куә болып қайтты.
Осы жерден 1999 жылы бір кәсіпкер жанар-жағармай бекетін ашып, аз уақыт жұмыс істегеннен кейін ісі жүрмей, жабылып қалды. Ал биыл наурыз айында «PromGaz» ЖШС-ке сатып жібереді. Сатып алушы жанар-жағармай құю бекетін қалпына келтіріп қана қоймай, газ құю резервуарын салуды қолға алды. ЖШС-тің осындай өтініші Мақат аудандық тұрақты жұмыс жасайтын жер қатынастары жөнінде комиссияда осы жылы 26 қыркүйекте қаралып, көп дауыспен қанағаттандырылды. Алайда жергілікті тұрғындар бұған қарсы.
- Мамыр айынан бері осы мәселе бойынша жазылган хатымызға әкімдік тарапынан мардымды жауап ала алмай келе жатырмыз. Бұл жанар-жағармай және газ құю бекеті ауыл ортасына керек пе? Онсыз да кенттің кіре берісінде автокөліктерге арналған газ бірнеше құю бекеттері бар,-дейді тұрғын Ғазиз ҒАБДУЛЛИН. - Бекет тұрғын үйдің ауласының іргесінде орналасқан. Почта ғимараты, мейрамхана да тым жақын. Бұл жерден сансыз көлік өтеді, жаяу жүргінші жолы бар. Қауіпсіздікке кім жауап береді?
Біраз уақыттан кейін жиналғандарға кент әкімінің орынбасары, заңгері және бас маманы келді.
Заңгер Нұргүл ҚҰЛЖАНОВА:
- Сіздер осындай жиын өткізу үшін аудандық газетке бұл жөнінде хабарлама берулеріңіз керек. Негізі бұл мәселе аудандық жер қатынастар бөлімінің тұрақты комиссиясында қаралып, шешім шықты. Біз ол шешімді жоя алмаймыз. Жанар-жағармай бекеті тұрғын үйден 50 метр қашықта болуы тиіс, ауласы есепке алынбайды.
Бас маман Алма ТӘЖІБАЕВА:
- Бұл жиналыстарыңыз заңсыз әрекет. Бекет салу туралы шешім жан-жақты зерделеніп шығарылды. Сіздерге аудан орталығына бару керек, біздер шеше алмаймыз.
- Шеше алмасаңдар неғып отырсыңдар. Газ резервуарынан жаяу жүргінші жолына дейін - 18 метр, ал ХҚКО ғимараты 25-30 метр шамасындай. Елу метр емес,-дейді күйінген Ғ. Ғабдуллин.
Ақыры бір шешімге келе алмаған көпшілік тарқаса бастады. Әбен ашуға берілген бас маман Алма Тәжібаева «АЖ» тілшісіне қарап:
- Біздің ауылда жасөспірімдер төбелесіп жатыр. Неге соларға жігіт ағалары жиналып, ақылдарын айтпайды. Сол біздегі басты проблема. Тыранақтың кір іздеп, қаралап отыр мыналар!
Доссорлықтардың бастамашы тобы қоғамдық тыңдау өткізу жөнінде «Нұр Отан» партиясы Мақат аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары А. МЕНДАЛИЕВАҒА хат жазды.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор