Атырау, 25 қараша 14:23
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

«Шайтан қақпа», терезеден кірген келін және басқа да ырымдар

Сурет
7 300 просмотра


Адамзат ғасырлар бойы дамып, өркениет тоқтаусыз өркендеп жатқанымен, әлі күнге дейін ырым-нанымдарға сенеді. Алайда біздің дәстүрлі дініміз мұны құптамайды. Бұл біреулерге күлкілі болса, базбіреулер үлкен мән береді. Біздің өңірімізде мынадай кейбір ырым-нанымдар бар. 

1. Еш уақытта тротуардағы «сайтан қақпадан», яғни, «Л» әрпі түріндегі электр бағанының ортасынан өтуге болмайды. Айналып өту керек, әйтпесе, «жаман» болады.

2. Кейбір жеке үйлердің есігінің жанында немесе төбесінде тұз салынған пластик бөтелкенің ілініп тұрғанын көруге болды. Бұл тіл-көзден сақтау үшін қойылған, өйткені ықылым заманнан бері тұз барлық жамандықтан қорғайды деп саналады.

3. Кейбіреулер салынып жатқан үйге немесе жаңадан сатып алынған көлікке қызыл мата байлайды. Тіл-көз бен айналадағылардың жаман ойынан қорғау үшін қызыл матаны пайдалану өзге халықтарда да бар екен.

4. Қазақтың кейбір руларында әлі күнге дейін сейсенбі күні, яғни, дүйсенбіде түстен кейін және сейсенбіде түске дейін маңызды істі қолға алмайтын қызықты да, қисынға келмейтін наным бар. Бұл уақыт аралығында көп адам ешқандай іс бастамайды, жолға шықпайды, т.б.

5. Қазақтарда мынадай дәстүр бар: бір отбасында екі ұл қатар үйленсе, келіннің бірі күйеу жігіттің үйіне есіктен, екіншісі терезеден кіреді. Батыс Қазақстанда бұл ырым өткен ғасырдан бері дәстүрімізге сіңген деседі. Ырымшыл адамдардың пікірінше, бұл  келіндер өзара тату болсын деген ниетпен жасалады екен. Ал жақында әлеуметтік желілерде келін мен күйеу жігітті балкон арқылы үйге кіргізу үшін трактордың шөмішімен көппәтерлі үйдің жоғарғы қабатына көтеріп жатқаны түсірілген бейнежазба таралды. Әрі күлкілі, әрі қорқынышты көрінеді екен. Қанша дегенмен қауіпті нәрсе ғой.


6. Егер үйден шыққанда бір нәрсе ұмытсаң, үйге қайтып кірме, ұмыт қалған нәрсеңді үйдегілердің біріне алып шығуын өтін. Егер қайтып кірер болсаң, міндетті түрде айнаға қара.

7. Ымырт түскенде далаға қоқыс шығаруға болмайды. Жақында танысым жұбайының қараңғыда қоқыс шығарма деп өтінгеніне мән бермей, қоқыс шелегін алып пәтерден шыға бергенде, табалдырыққа ұзынынан жатып алған. Сөйтіп, қоқысты ертеңіне шығаруға тура келіпті. Жалпы, әйелі жақсы адам.


«Егер жолыңды қара мысық кесіп өтсе, басқа жолмен жүр», «түнде тырнақ алуға болмайды» деген сияқты нанымдар жеткілікті. Пәле-жала жоламайды деген үмітпен адамдар не ойлап таппайды дейсіз. Лайым солай болғай. 

Дайындаған Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

31 қазан 2018, 11:26

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.