Атырау, 25 қараша 17:18
 ашықВ Атырау -4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

​ Ауылда ауыз су жоқ

Сурет Бейнежазба
5 552 просмотра


Атырау облысы Құрманғазы ауданындағы 2000-нан астам тұрғыны бар Котяевка ауылы әлі күнге дейін толықтай ауыз сумен қамтылмаған.  Ауылдан үш шақырым жерде орналасқан ескі су тазарту қондырғысы (бұдан әрі СТҚ) ауылды түгел игере алмайды.

- Мен осы ауылдың байырғы тұрғынымын, жасым сексенге таяды. Жеті жылдан бері жаңа СТҚ  саламыз деп айтқан еді, олары орындалмады. Бұрын совхоз кезінде көше-көшеде су болған, оны мотормен айдайтын. Ел еңсесін көтеріп, өркендеген шағымызда суды 1500 теңгеге Қиғаштан водовоз арқылы құдығымызға құйдыртып алып отырмыз. Тазартылмаған су денсаулығымызға кері әсер етеді,- дейді еңбек ардагері, зейнеткер Бақыт ҚАЛИЕВ (суретте). - Көршім Яша Исмагулов екеуміз бірталай бастықтың алдына бардық. Нәтиже жоқ.

Бақыт ҚАЛИЕВ

- Су тазалау қондырғысы ескірген, көп бұзылады. Оны өз қаражатымызға өздеріміз жөндетіп алып жүрміз,- дейді «Бисенбай» ЖШС директоры Алимжан ЖАРМУХАМБЕТОВ.  - Котяев ауылы СТҚ ғимаратынан бір метр биікте тұр. Бұл да судың мардымсыз жүруіне себеп болуда. Облыстан келген шенеуніктер 2016 жылы 500 млн теңгедей қаржы бөлініп, жаңа СТҚ салынады деген. Бұл да аяқсыз қалды. Халықтың ашынуын дұрыс түсінеміз, бірақ қолдан келер шара жоқ.


Құрманғазы аудандық ТКШ бөлімінің басқарушысы Әділбек ӘЖІҒАЛИЕВ:

- Котяев ауылынан жаңа су тазалау қондырғысын салу үшін сметалық жоба жасалды. Бекіген соң, облыстан қосымша қаржы сұратамыз. Бұл Котеяв ауылын түгел қамтитын болады. Сонымен қатар, аудан бойынша жазғы су құбырын тартамыз. Теңіз, Котяев, Ақкөл, Құрманғазы ауылдарына жазғы су құбырының жобалық сметасын жасаттық, ол мемлекеттік сараптамада жатыр.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА 

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

30 қазан 2018, 15:47

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.