Құрманғазы ауданында Атырау-Астрахан трассасын қайта жаңғырту жұмыстарымен бірге жергілікті бюджет есебінен ауылдар арасындағы және ауылішілік жолдарды жөндеу қолға алынды.
Котяев-Шортанбай ауылдарының арасындағы 12,5 км жолды жалпы құны 1 млрд 200 млн теңгеге күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары басталды. Мердігер - «ҚарасайСтройСервис» ЖШС.
- 5 км жолды күрделі жөндеуден толық өткіздік. Мұнда техника, адам күші, материалдар жеткізуде кідіріс болған жоқ. Негізі жұмыс келісім шартта көрсетілгендей келесі жылы толық бітуі тиіс,- дейді «ҚарасайСтройСервис» ЖШС-нің жетекші маманы Дүйсенбай РАХМЕТОВ. - Тек бізді қинап тұрғаны қаржы жайы, биыл 900 млн теңге бөлінуі тиіс болса, әзірге берілгені 600 млн теңге ғана.
Осы кезде шаңдатқан жол жұмыстары басына аудандық ТКШ басшысы Әділбек ӘЖІҒАЛИЕВ келе қалды:
- Иә, қажетті қаржыны аудара алмай жатырғанымыз рас. Бұл аудандық мәслихаттың сессиясында қаралып, қажетті қаржыны облыстан алатын боламыз. Негізі аудан бойынша жол жөндеу жұмысы қарқын алып тұр.
-Атап айтсаңыз?
- Жасталап-Жыланды ауылдарындағы 10 км кірме жолдарды қайта жаңғырту жұмысы 1 млрд 923 млн теңгеге бағаланған. Мердігер «БекетСәтЖол» ЖШС жұмыстарды 2019 жылдың екінші жартысында толық бітіруді жоспарлап отыр. Сондай-ақ осы кәсіпорын Құрманғазы (13,5 км), Сафон (8,9 км), Бірлік (9,8 км) ауылдарының кірме және ауылішілік автомобиль жолдарын жаңғырту жұмыстарын істеп жатыр. Аяқталу мерзімі - 2019 жылдың аяғы. Теңіз және Котяев ауылдарында да ауылішілік жолдар өткен жылдың желтоқсанда басталған. Котяевтегі жұмыстың 90 пайызы атқарылды.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттерді түсірген автор