№2 Атырау қалалық соты 48,5 млн теңге ұрлады деп айыпталған ЖШС-нің 43 жастағы директорына үкім шығарды. Қылмыстық іс материалына сүйенсек, азамат О. қалалық әкімдікпен мұнай астанасының оң жақ жағалауындағы су іркуіш және су тазарту құрылымдарының құрылысын жалғастыру үшін жалпы сомасы 294,9 млн теңгеге келісімшарт жасаған. Жұмыстарын толық аяқтамай, тапсырыс берушіге нысан толық дайын деген құжаттар ұсынған.
- Сот құрылыс-экономикалық сараптамасы нақты орындалған жұмыс құны мен қабылдау актілерінде көрсетілген жұмыстардың айырмашылығын анықтады. Бұл 48,5 млн теңге. Осы факті бойынша ҚР ҚК-нің 189-бабы (Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілді, - деп хабарлады Атырау облыстық МКД Экономикалық тергеу қызметіндегілер.
Сот О.-ны кінәлі деп танып, 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.
Фархат ӘБІЛОВ