Қазан айында еліміздің басқа өңірлеріндегідей мұнайлы астананың бірнеше мектептерінде БЛКЖО-ның 100 жылдығына орай сынып сағаттары мен басқа да шаралар өтті. Қазіргі жастардың көбі бұл қысқарған сөздің шешуін де біле білмес: Бүкілодақтық лениндік коммунистік жастар одағы. Бүгін, 29 қазанда, Құрманғазы атындағы мәдениет сарайындасалтанатты жиын өтуі керек еді. Алайда соңғы сәтте өткізілмейтін болды.
Ал бұған дейін №16 мектепте жоғары сынып оқушыларымен Мұрат ӨТЕШОВ, Александр БОЛДЫРЕВ сияқты бұрынғы комсомол қайраткерлерінің кездесуі өтті.
-Комсомол – Қазақстан секілді мемлекеттің 70 жылдық тарихында белсенді қимыл-әрекет жасаған қоғамдық ұйым. Тарихтан бас тартуға болмайды,- дейді ұйымдастырушылар.
Ал бұл әлеуметтік желілерде үлкен дау туғызды. Көпшілігі оқушыларды мұндай шараларға ұатыстыру дұрыс емес, тіпті заңсыз деп есептейді.
Біз Атырау облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Жасұлан БИСЕМБИЕВКЕ хабарластық.
- 100 жылдыққа байланысты мектептерде тарих пәнінің аясында ашық сабақ форматында тәрбиелік шара өткендігі рас. Оған бұрынғы комсомол қайраткерлері ұатысып, комсомол тарихы туралы баяндап берді. Мектептерде қандай да бір партиялардың үгіт-насихат жұмыстары жүргізілмейді. Алайда комсомол партия емес, тарихи дерек,- дейді Бисембиев.
- Мектептерде осы шараларды өткізу кімнің идеясы болды?
- Комсомол ардагерлері Атырау облыстық білім басқармасына хат жазып, рұқсат алды.
- Менің білуімше, 29 қазанда Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында өтетін шара өткізілмейтін болды. Бұл қоғамдық әлеуметтік резонанстан кейін қабылданған шешім бе?
- Иә, алдын-ала жоспарланған екен. Бірақ, бұл шараға мемлекеттің немесе басқарманың ешқандай қатысы жоқ. Комсомол ардагерлері өздерінің қаражаттарына залды жалға алып, өткізбек болған. Олармен кездесіп, бұл шараны басқаша форматта өткізу туралы ұсыныс жасалды.
Фархат ӘБІЛОВ