Әлеуметтік желілерде Атыраудағы Әлиев пен Сатыбалдиев көпірінде жол полицейлері Toyota Hilux көлігінің жүргізушісін ұстап жатқаны туралы бейнежазба таралып жатыр. «АЖ» тілшісі оның не үшін ұсталғанын сұрастырған еді.
Мұның бәрі пикап жүргізушісінің Исатай ауданындағы Хамит Ерғалиев ауылының маңында «Бекіре» операсының барысында көлік тексерген полицейлердің талабына тоқтамауынан басталған. Полицейлер облыс орталығындағы аталмыш көпірге дейін артынан қуып келген.
Көлік ішінде браконьерлікпен ауланған балық болмаған, ал жүргізушінің өзі сау болып шыққан. Ол өзінің бұл әрекетін көлік құралдары иесінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы келісімшарты жоқ екендігін түсіндірген.
- Ереже бұзушыға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 612-бабы (Құжаттары жоқ және басқару құқығы жоқ адамның көлiк құралын басқаруы), сондай-ақ, 613-бабы (Полиция қызметкерінің талаптарын орындамау) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды, - деп хабарлады Атырау облыстық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Назымгүл ҚАЙСАҒАЛИЕВА.
Ереже бұзушының көлігі айып тұрағына қойылды, материалдар әкімшілік полиция басқармасына жолданды.
Фархат ӘБІЛОВ
Әлеуметтік желіден алынған бейнежазба