Құрманғазы аудандық соты алаяқтық жасады деп айыпталған жергілікті шаруа қожалығының басшысына үкім шығарды. Ол «Қазагромаркетинг» АҚ Атырау филиалынан «мал шаруашылығы жайылымдарын суландыру және сумен қамту инфрақұрылымын құру» мақсатында 6,5 млн теңге алған, алайда жұмысты тиісінше атқармаған.
- Экономикалық тергеу қызметінің жедел-іздестіру шаралары барысында оның өкілетті органдарға өздері қазған құдық туралы жалған мәлімет бергені анықталды. Ал іс жүзінде бұл жұмыстарды басқа адамдар жасаған және оның шаруа қожалығына еш қатысы болмаған. Алынған қаржыларды ол өз қалауынша жұмсаған,- деп хабарлайды Атырау облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметі.
Сотталушы ҚР ҚК-нің 190-бабы 4-тармағының 2-тармақшасы (Аса ірі мөлшердегі алаяқтық) бойынша кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.
Фархат ӘБІЛОВ