Еділ өзенінің Астрахан облысы мен Атырау облысы Құрманғазы ауданы аумағымен өтетін саласы - Қиғаш өзенінің арнасының тарылып, тайызданып бара жатқаны бірнеше жылдан айтылып жүр. Бұған жергілікті тұрғындар да қатты алаңдап отыр.
- Осы «Жарын» учаскесіне қоныстанғаныма бірнеше жыл болды. Өзектің бойында отырсақ та суға жарымаймыз, көктемде келгенімен тез қайтып кетті,- дейді «Мереке» ШҚ басшысы Мереке ИБРАГИМОВ (суретте). - Бұрын құдық қазсақ, су шыға келетін, енді ол да тереңдеп кетті. Амалсыз аудан орталығы Құрманғазыдан бір водовоз суды 5 мың теңгеден құйдыртып алып отырмыз.
Қиғаш өзенін тереңдету ісі қырық жылдан бері қолға алынбаған екен. 2017 жылы бұл жұмыстарға 5 млрд 681 млн теңге бөлініп, жұмыстарды «Павлодар өзен порты» АҚ жүргізіп жатыр. Айта кетсек, бұл кәсіпорын Жайықты да тазалау жұмыстарын атқарып жатыр. Барлық жұмыстар 2020 жылы ішінде атқарылуы тиіс. Өткен жылы дамба соғу жұмыстары атқарылған. Биылдың өзінде 1,5 млрд теңгесі игерілуі керек. Осы жылдың тамыз айынан бері Қиғаш өзенінің Шарон-Шортанбай тармағында және теңіз тамағында қазу жұмыстары жүріп жатыр.
- Біз қазу жұмыстарына үш қуатты «WATER MASTER 5 classic» маркалы жер қазу құрылғыларын пайдаланудамыз,-дейді іс басында жүрген учаске бастығы Дидар АЛИПОВ (суретте). - Жұмыс ауысымдық негізде, яғни күндіз-түні жүреді.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор