Қытай көмір жағуды шектеп, болат өндірісін біртіндеп азайта береді. Осылайша бес жылдан бері ауа ластануымен күресіп келеді. Ел үкіметі биыл шілдеде 2018-2020 жылдарға арналған жаңартылған энергия көздерін дамыту және дәстүрлі отын түрін азайту жөніндегі жоспарын жариялады.
Ауаның ластануы, экологиялық мәселені шешу ресми Бейжіңнің басты міндеті болып отыр. Экономикасы қаншалықты қуатты болғанымен, экологиясы соншалықты ластанатын Қытай баламалы энергетиканы дамытуға мүдделі. Соның ішінде жержылуын пайдалану теxнологиясын жүзеге асырып жатыр. Геотермалды энергетиканың артықшылығы күн райына, жыл мезгіліне тәуелсіз. Экологиялық таза, жердің таяз қыртысынан жылу өндіретін компания Бейжіңнің шетінде орналасқан.
Хы Тяньюе, энергетикалық компанияның вице-президенті:
- Жер қыртысының таяз қабатынан энергия алудың бірнеше технологиясы бар. Бұның артықшылығы бір ғана ұңғыма қазу арқылы жер қойнауындағы жылы суды сорып алу, оның температурасын реттеу және суды қайта төгу операцияларын қатар орындауға мүмкіндік береді. Бұл құрылғылармен суды ысырап қылмай, оны ластамай, қауіпсіз энергияны шексіз өндіре аламыз. Хы Тяньюенің айтуынша қазір Қытайдың 15-ке жуық қаласы геотермалды жылу энергиясын пайдаланады. Әсіресе қыс айларында көк түтіннен көз ашпайтын солтүстік аймақ жылу жүйесін реформалап жатыр. Бейжің, Тяньцзинь, Хэбэй, Шандунь аймақтары 2020 жылға дейін көмір жағуды 10 % азайтуға міндеттелген.
Цай Линь, Қытай xалықтар университеті қоғам және адам факультетінің профессоры:
- Қытай халық саны жағынан да, энергетика тұтынудан да әлемде алдыңғы орында тұр. Дүниежүзінде энергетика тұтынуда Қытайдың үлес салмағы 22%. Сондықтан энергетика еліміздегі өткір мәселелерінің бірі. Билік бұл сұрақты шешу мақсатында баламалы энергетика көздерін дамытуға баса назар аударып келеді. Қытай үкіметінің жоспары бойынша болат балқытатын ірі кәсіпорындар ең көп орналасқан Хэбэй өлкесі екі жылда жалпы өнім шығару қуатын 200 миллион тоннаға түсіру керек. Елдің құрыш шығару үлесінде бұл өлке 25 пайызды алады.
Чжан Боцзю, эколог:
- Жыл сайын экологияның жақсарып, түтіннің азайғанын өздеріңіз де байқаған шығарсыздар. Мысалы, былтыр 365 күннің 226 тәулігінде аспан ашық болған. Оны «xалықтың көк аспанды көру қуанышы» деп атаймыз. Орташа есеппен бір текше метрдегі PM2.5 қалдығының мөлшері 58 микрограмды құрады.
Сонымен бірге жылу электр стансалары газ және электр қуатына ауыстырылып жатыр. Қазан айының соңына дейін Бейжің, Тяньцзин және жалпы саны 26 қаладағы 3.62 миллион үй шаруашылығының жылыту жүйесі ауыстырылады. Қытай билдігі биыл газ айдау құбырының күшін арттырғанын айтады. Сондықтан былтырғыдай күз бен қыста көгілдір отын жетіспеушілі болмайды деп отыр.
Айтпақшы таяуда ғана Қазақстан Қытайға 2019 жылдан бастап жылына 10 млрд. текше метрге дейін газ экспортын арттыру жөніндегі 5 жылдық келісімшартқа қол қойды.
Дереккөз: 24.kz