Атырау облысы Махамбет ауданының Алмалы ауылында ұлттық спорт ойындарынан жалпы қоры 43 млн теңгені сарапқа салған «Жайық жағасында - Каспий кубогы» халықаралық турнирі өтті. Екі күнге жалғасқан турнирге Қазақстан, Ресей, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан және Дағыстан мемлекетінен 300 ге жуық спортшы қатысты.
Турнирдің ашылуына облыстың бірінші басшыларымен бірге Халықаралық түркі халықтарының ұлттық спорт түрлері ассоциациясының президенті Қайрат САТЫБАЛДЫ мен ҚР Ұлттық спорт түрлері Федерациясының президенті Бекболат ТІЛЕУХАН арнайы қатысып, жүлдегерлерді марапаттады.
Дода 15 шақырымға созылған топ бәйгемен басталды. Жиырма бес тұлпардың арасынан мәреге алғаш келген бес жылқыға, сәйкесінше, 3 млн, 2 млн, 1 млн, 500 мың және 200 мың теңге сертификаты табыс етілді. Бас жүлде Алматы облысы, Қарасай ауданынан келген Әлнұр НАЗАРБАЕВТЫҢ Бақторысына бұйырды. Екінші орынды Батыс Қазақстан облысының өкілі алса, қалған жүлделерді Маңғыстау облысының шабандоздары иеленді.
Басқа сайыстар қорытындылары:
Ұшқыр бәйге (3 шақырым) - алғашқы төрт жүлде атыраулық шабандоздарға тисе, бесінші орын БҚО-на бұйырды.
Жорға жарысы (6 шақырым) - Артем ЧИБИСОВ пен Александр КАРНИЛОВ тақымдаған Солтүстіктің шабандоздары сәйкесінше 1-2 жүлдені өзара бөліссе, атыраулық Бақыт ШЕРІМБЕТОВ үздік үштікті аяқтады. Соңғы екі орын ақтөбеліктердің қанжығасында.
Көкпар - бірінші орын Түркістан облысы (3 млн), екінші орын Атырау облысы (2млн), үшінші орын Ақтөбе облысына (1млн) бұйырды.
Аламан бәйге (30 шақырым) – 5 миллион теңге бас жүлдені ақтөбелік Нұриддин ОРАЗБЕКОВТЫҢ тұлпары иеленсе, Жылыой ауданынан келген Бектас ҚАБАННЫҢ жылқысы 3 миллион теңге жұлдесі бар екінші орынды алды. Ақтөбе, Қарағанды, БҚО шабандоздары сәйкесінше 2млн, 3 млн және 500 мың теңгеге ие болды.
Құмай тазы жарысына тігілген 3 жүлдені де атыраулықтар иеленді. Қыз қуудан ақтөбеліктер жеңіске жетті.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суретті және бейнежазбаны түсірген автор