Атырау, 25 қараша 01:02
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Оңтүстікке жүйткіген пойыз

Сурет Бейнежазба
4 888 просмотра


Жақында Алматыға жолым түсті. Мұнай астанасынан оңтүстік астанаға № 41ЦA пойызымен баруды ұйғардым. Билет бағасы - 8384 теңге, жолға кететін уақыт - екі күн 2 сағат 10 минут. Әрине, «Тальгомен» де баруға болады - бұл тезірек және ыңғайлы. Бірақ билеті ұшақ бағасына барабар.

Егер билетті «ҚазақстанТемірЖолы» АҚ сайтынан сатып алсаңыз, сізге билетті басып шығарудың қажеті де жоқ – оны смартфон арқылы екі рет: мінген кезде және жолсерік төсек-орын таратқан кезде көрсетесіз.

«ТехРемонт-М» ЖШС «ҚТЖ» жолаушылар пойызын төсек-орындарымен қамтамасыз етеді. Жайма-сейсептер мен сүлгі жыл бойына қолданылады, оларды әр рейс сайын жуып-үтіктейді. Солай етуге тиіс. Өкінішке орай, маған қара дақтары кетпеген төсек-орын тап келді. Шамасы, ешбір ұнтақ көп мәрте қолданылатын затты толық тазарта алмайтын болса керек.

Осындай төсек-жайма тап келді...
 ...Сағыз станциясынан кейін түрлі тауарларды сатушылар вагон аралап өте бастайды. Жалпы, пойыздарда сауда жасауға тыйым салынған, бірақ адамдар мұның әдісін тапқан: өздеріне келесі станцияға дейін билет сатып алады да, жолсерік оларға ештеңе жасай алмайды. Дегенмен, желілік полиция бөлімі қызметкерлерінің айтуынша, теміржол саудагерлеріне бәрібір жиі айыппұлдар салады, бірақ бұл оларды тоқтатпайды екен. Неліктен екенін, өзін Зәурешпін деп таныстырған әйел адаммен тілдескеннен кейін түсіндім:

- Менің бұдан басқа амалым жоқ. Өзім Аралда тұрамын, осы пойыз бен «Алматы-Маңғышлақ» пойызында балалар киімін сатамын. Күйеуім қайтыс болған, үш балам бар, оларды асырау керек қой. Бұл саудасыз өмір сүре алмаймыз.

Пойызда сауда жасауға тыйым салынған, бірақ бұл адамдарды тоқтатпайды
- Бәлкім, заттарды базарда сату тынышырақ әрі табысты шығар?

- Жоқ, Аралда сатып алушылар аз, адамдарда ақша жоқ. Ал пойызда тауар жақсы бағамен жақсы сатылады.

..Қазалы бекетінің кіре берісінде жолаушылар пойыздың өзгеше жүріп бара жатқанын сезінді: вагондар шайқалып, состав бірнеше рет тоқтады. Жолсеріктердің айтуынша, жолдың осы бөлігінде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Бәлкім, осының салдарынан шығар, біз бірнеше бекетке кестеден қалыс уақытпен жеттік, рас, соңғы нүктеге уақытында бардық.


Вагонда шай ішіп отырғанда жолаушылар түрлі әңгімелер айтады. Теңіз кенішінде жұмыс жасайтын Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданының тұрғыны теміржол вокзалдарында жеміс-жидек сатушыларының қалай алдайтынын әңгімеледі. Түбіне картон, бетіне алма салып, міне, бір «шелегі» 500 теңге дейді екен. Ал 24 жастағы Айжан Байқоңырға кіретін рұқсат құжатын көрсетті. Ол сол жерде тұрады екен, Байқоңыр қаласының екіге: ауыл және орталық деп бөлінетінін айтты. Барлық мемлекеттік органдар «орталықта» орналасқан, ол жерге рұқсат құжатымен өтесің, жоғалтып алсаң өте алмайсың. «Бұл жақсы емес. Қанша дегенмен, мен Қазақстанда, өз отанымда тұрып жатырмын ғой», - деп қынжылыс білдіреді Айжан.


...Міне, екі күннен астам уақыт та өтіп кетті. Вагондар ескі, өте таза болмаса да, осы саяхаттан бір артықшылық табуға болады: пойыз Қазақстанның бүкіл оңтүстік өңірінің бойымен Қызылордадан Алматыға дейін сапар шегеді. Бұл да отанымыздың кең байтақ өлкесін бағалауға бір мүмкіндік. Дегенмен, №41ЦА пойызымен жол жүру аздап жалықтырады екен...



Фархат ӘБІЛОВ

Суретті және бейнежазбаны түсірген автор

18 қазан 2018, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.