Атырау, әрине, жыл сайын гүлденуде, бірақ орталық көшелердегі жылтыр үйлердің артында әбден тозығы жеткен ескі тамдар көп. Ал 2014 жылы облыстық мәслихат депутаттары 2014-2020 жылдарға арналған Атырау қаласындағы жатақханаларды, апатты және тозығы жеткен үйлерді күреу бағдарламасын бекіткен еді. Тізім жасалды. Бірақ жоспар бір басқа, ақиқат бір басқа: бағдарламаға жеткілікті деңгейде қаржылай қолдау көрсетілмегенге ұқсайды.
Билік көзі жеткенше ештеңе жасамайды: жаңа баспанаға кіреберістерінің сатысы мен жабын арқалығы опырылып кеткен Баймұханов, 39 мекенжайындағы жатақхана тұрғындарын, сондай-ақ, төбесі құлаған Жарбосынов бойындағы №89 үйдің тұрғындарын қоныстандырды. Ал қалғандары күтіп жатыр.
Бұл жолы “АЖ”-ға Балықшыдағы А. Байжігітова көшесінің бойындағы 8 пәтерлі №76 үй тұрғындары (айтпақшы, бұл үй сол тізімге енген) хабарласты. Олардың айтуынша, 1957 жылы салынған екі қабатты үй - апатты жағдайда.
...Қамыстан салынған үйдің сыртқы сылағы түсіп қалған, бұл жерде кәріз жүйесі жоқ, сондықтан аулаға үш септик салынған.
Біз барған кезде септиктердің бірі толып қалған екен, ішіндегілер сыртына шығып жатыр. Жағымсыз көрініс.
- Бұл ештеңе емес, қыста салқын болатыны сондай, унитаздағы су қатып қалады, – деп қынжылыс білдірді үй тұрғыны Майра БАЛАТУЕВА. – Су құбырлары да қатып қалады, суды Жайықтан тасуға мәжбүрміз.
Жиналған тұрғындар бұл проблемамен бірнеше рет қалалық билікке жүгінгендерін, ал бір ай бұрын, тіпті, қала әкімінің орынбасары Нұрлан ТАУБАЕВ төрағалық еткен қысқа дайындық штабының отырысына шақыртусыз барғандарын айтты: олар жауапты тұлғаларға Балықшыны ЖЭО-ға қосу жұмыстары кезінде тозған үйдің жоғары қысымды жылу мен ыстық суды көтере алмайтынын, жаңа құбырлар жүргізген кезде қамыс қабырғалар опырылып құлайтынын жеткізуге тырысқан. Жауап ретінде Таубаев осы қысқа шыдай тұруларын өтініп, содан кейін оларды жобаланып жатқан Балықшыдағы көппәтерлі жаңа үйге көшіретіндерін айтты. Бірақ нақты мерзімін айта алмады.
- Содан кейін бізге қабырға опырылған немесе басқа жағдайда біздің тарапымыздан талап болмайды деп қол қоюымызды сұрады. Әрине, біз ештеңеге қол қойған жоқпыз, - дейді Өтеген ЕРМАҒАМБЕТОВ.
Біз қалалық әкімдікке редакция сауалын жолдап, Балықшыдағы №76 үйді күреу жоспарда бар екені, бірақ әзірге шешім әзірге қабылданбағаны - бәрі де жаңа үйлердің салыну барысына байланысты екені туралы жауап алдық.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА
Суретті және бейнежазбаны түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ