Атырау, 25 қараша 17:39
 ашықВ Атырау -4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Спорт жаңалықтары

2 919 просмотра

БАСКЕТБОЛ

Ересектер командасына ұмтылған жеткіншектер бар

Атырау командаларының баскетбол жарыстарындағы жетістіктері туралы облыстық жастар құрамасының аға бапкері Саламат ТОРҒАЕВ әңгімеледі.

- 2001 жылғы спортшылар құрамасы ел чемпионатына қатысып, қостанайлық қатарластарынан 4 ұпай айырмашылықпен финалдық матчта есе жіберіп алды. Сол кездесуде ойыншылар Нұртас Телеубаев пен Арсений Кушнерук өздерін жақсы қырынан танытты.
Наурызда Мәскеуде Еуропа жасөспірімдер баскетбол лигасының финалдық туры (U-15) өтті. Алдыңғы екі турда команда жақсы ойнап, турнирлік кестеде көшбасшылар қатарынан көрінді. Содан кейін ойыншылар  біраз баяулады. Нәтижесінде 16 орыннан 8-ші орынды иеленді.
Мәскеуден тікелей Қазан қаласына Мәскеу, Санкт-Петербург және Қазан қалаларының командалары қатысқан «Спорт астанасы» халықаралық турниріне бардық. Сөйтіп, бәрін жеңіп, турнирдің жеңімпаздары атандық. Командаға Ернар Жексенбаев пен Алмаз Айтқалиев көп көмек тигізді.
Содан кейін 2001 жылғы спортшылар командасы Таразда өткен ҚР  оқушыларының Спартакиадасында жеңіске жетті. Мамыр айында 2002 жылғы спортшылар командасы ҚР чемпионатында плей-офқа шыға алмай, 5-орын иеленді. Мәселе мынада. Баскетбол Қазақстанның барлық өңірлерінде дамып келе жатыр және бәсекелестік өте жоғары. Осы чемпионатта біз бір матчтан кейін алқасыз қалып, 3 ұпаймен Алматы командасынан ұтылып қалдық. Бірақ, 2004 жылғы шәкірттердің облыстық құрамасы Лисаковскіде өткен ел чемпионатынан алтын алқа алған кезде осы жеңіліс күйінішінен арылдық. Біздің команда құрамында Бексұлтан Тілепберген үздік ойыншы деп танылды. Ал осында 2006 жылғы жасөспірімдер арасында өткен ел чемпионатында біздің команда екінші болды. 
Қыркүйек айында біздің 2001 жылғылар командасы ел чемпионатының қола жүлдегері атанып, Әділхан Генадиев чемпионаттың үздік ойыншысы деп танылды. Айта кету керек, команда толық емес құрамда қатысты - кейбір ойыншылар Латвияда «Атырау барыстарымен» бірге оқу-жаттығу жиындарында болды. Бұл жастағы топ баскетбол академиясында жаттығуды аяқтайды, бәлкім, бапкерлер кейбір ойыншыларды ересектер командасына шақыруы ықтимал.


ТАЭКВОНДО


Атырау құрамасы Шымкенттен балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің арасында таэквондодан өткен ел чемпионатынан қоржындарын толтырып қайтты.

Малика Ғалым, Әли Жұмабай және Нұрай Хұсайнова алтын алқа, Адия Идашова, Ангелина Гапотченко, Серік Артур, Әмір Салиxанов, Әсел Мақсот және Есбол Елеусінов күміс алқа, Жалелғали Әлиxан, Эльназ Нәжімова, Нұрай Бауыржанова, Мәлік Мерей, Нұрғиса Сағадатов, Диана Әбсенова, Серік Арсен және Алина Дадикенова қола алқа алды.


ДЖИУ-ДЖИТСУ


Астанада джиу-джитсудан Қазақстан чемпионаты өтіп, оның қорытындысы бойынша Швейцарияда өтетін әлем чемпионатына қатысу үшін ұлттық құрама іріктелді. Облыстық джиу-джитсу федерациясының директоры, танымал бапкер Айбар Есенғалиев белін сыбанып, татамиге шығып, күміс алқа жеңіп алды.

Бұдан басқа, атыраулық спортшылар Санжар Атмұханбетов, Арсен Серікқалиев пен Әйгерім Төреғожина алтын алқа, Жеңіс Нұрлыбаев – күміс, Әлішер Ақжігітов, Дастан Қарасаев, Әнуар Ихсанов, Қуандық Жаңбырбаев пен Ғабит Ақниет қола алқа иеленді.


ТУРНИР


Атыраулық жүзгіш Ержан Сәлімгереев Джакартадағы Пара Азия ойындарында алтын алқа жеңіп алды.

Еркін стильде 100 метрге жүзу бойынша ол 1 минут 12 секундта мәреге жетіп, екінші келген Қытай өкілінен 2 секундқа ерте келді.
Бұл Пара Азиядағы Атырау спортшыларының екінші алқасы: сәл бұрын, Дәулет Теміржан парадзюдо жарыстарында қола алқа иеленген еді.


БОКС 

Челябинскіде Ресейдің еңбек сіңірген спорт қайраткері Н.Попковқа арналған 2000-01 жылғы қыздар арасындағы бокстан халықаралық турнир өтті.

Мұнда Атырау спортшысы Динара Зинулина қола жүлдегер атанды.


ПАНКРАТИОН


Атыраулық спортшы Абай Төлеш Мәскеуде панкратион бойынша өткен әлем чемпионатында алтын алқаға ие болды.

Алдыңғы айналымда ол тәжікстандық және әзірбайжандық қарсыластарын жеңіп, жартылай финалда Қырғызстан, ақтық сайыста шабуылдау әдісімен Ресей құрамасының өкілінен басым түсті.

Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

11 қазан 2018, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.